Қазақстандық әуе компаниялары алдағы жылдары 130-ға дейін тар және кең фюзеляжды ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, көлік-логистика саласы Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Қазақстан – көлік-логистика саласындағы экономикалық өзара іс-қимылымыздың негізі. Біз ЕАЭО алаңында да бірқатар келісімге қол қойдық, бір-бірімізді қолдап келеміз, – деді Жұманғарин.
Вице-премьердің айтуынша, сатып алынуы жоспарланып отырған әуе кемелерінің ішінде шамамен 40 жүк ұшағы бар.
Алдағы жылдары қазақстандық әуе компаниялары 130-ға дейін тар және кең фюзеляжды ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Оның ішінде 40-қа жуық жүк ұшағы бар, – деді ол.
Серік Жұманғарин бұл бағытта Қазақстан тарифтік жеңілдіктер алғанын атап өтті.
Кедендік баж салығы нөлге дейін төмендетілді. Өз кезегімізде біз Ресей Федерациясының теңіз кемелерімен балық өңдеуіне, кемелерді, газ тасымалдаушы кемелерді және тағы басқа техниканы әкелуге қатысты тиісті жеңілдіктер ұсынып отырмыз, – деді вице-премьер.
Сондай-ақ ол Ертіс өзені бойынша мастер-жоспар әзірленіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл құжат су теңгерімін реттеуге және келешекте өзенді кеме қатынасына қолайлы етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстан үшін қолайлы болуы мақсатында Волга-Дон каналы арқылы кеме қатынасы мәселесі де талқыланып жатыр. Жұманғариннің айтуынша, кеме қатынасы туралы келісім қазір ратификациялау кезеңінде.
Вице-премьер энергетика алдағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін, ал гуманитарлық салада мектеп салу жобалары талқыланып жатқанын айтты.