Қазақстанды жаяу аралап жүрген жезқазғандық саяхатшы Өскеменге келді

9 Маусым 2022, 00:29
2001
Бөлісу:
Қазақстанды жаяу аралап жүрген жезқазғандық саяхатшы Өскеменге келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сәрсенбай Қотырашовтың Қазақстанды жаяу аралап жүргеніне төрт айдан астам уақыт өтті. Оның жасы 72-де. Сапарын 31 наурызда Жезқазған қаласынан бастаған.

Көктемде Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қонаев, Талдықорған, Аягөз қалаларын аралап, қазір Өскеменге келді. Саяхатшы алдына бірнеше мақсат қойған.

Біріншісі – Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы - Ұлытау өңірін кеңінен насихаттау, екіншісі – ұлттық қолөнершілерді тіркеу. Үшінші мақсаты – 100 жыл бұрын ұмыт болған «қымыз мерекесін» қайта жаңғырту.

Мейрамды күнтізбеге қосқанын қалаймын. Қазір ел аралап, олардың пікірін жинап жүрмін, кейін халық атынан Президентке хат жолдамақшымын, – дейді Сәрсенбай Оспанұлы.

Саяхатшының Мемлекет басшысымен кездесуге жазылып, қазақ халқының көне ұлттық мерекесін күнтізбеге енгізу туралы келісім жасауға ойы бар. Сәрсенбай атаның айтуынша, еліміздің қай жеріне бармасын, оны әрдайым құшақ жая қарсы алады.

Қазақ халқы - өте қонақжай. Жолымда тамақ сатып алған кезім болған жоқ, қонақүйге де ақша төлеген емеспін. Мені әр кез қарсы алады, қонақ етеді, қуантады. Өскемен жайқалып өскен ағаштарымен, адамдарының ашықтығымен қуантты, – деп бөлісті Сәрсенбай Қотырашов.

Зейнеткер мұндай сапарға бірінші рет шыққан, саяхатын Қазақстанда жаңа аймақтардың құрылуына орайластырған. Осыған дейін дейін темір ұстасы, ағаш шебері, құрылысшы, механизатор, шопан болып қызмет істеген. Қазір өзі Қарағанды ​​облысынан болса да, Жезқазғанда темір ұстасы болып жұмыс істейді.

Сәрсенбай Оспанұлы саяхат барысында ештеңеден қорықпайтынын жеткізді. Әйтсе де Жезқазған мен Қызылорда облыстарындағы жолдардың нашарлығына шағымданды.

Алдағы уақытта жоспар бойынша Семей, Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларын аралап, барлық 17 облысқа бармақшы.

Өзгелердің жаңалығы