Қазақстанды ауқымды реформалар күтіп тұр – сарапшы

26 Сәуір 2022, 18:32
1559
Бөлісу:
Қазақстанды ауқымды реформалар күтіп тұр – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Сөздің шыны керек, Қазақстанды ауқымды реформалар күтіп тұр. Бұл өзгерістер – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес десе болады және ол қоғамды саяси тұрғыдан трансформациялауға ықпал етпек. Яғни, оны Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың жаңа моделі деп атауға болады. Мемлекет басшысы бұл үдерісті «Екінші республика» деп белгіледі. 

Бұл туралы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали тілдесу барысында айтты.

Оның айтуынша, аталған Конституциялық реформаларға сәйкес, Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді.

Мемлекет басшысы өкілеттігінен бас тартып, оны өз еркімен Үкімет пен Парламенттің құзырына беруі — бұл сирек кездесетін жағдай. Байқасаңыз, Мемлекет басшысы өз Үндеуінде барлық өзекті саяси мәселелерді қамтыған. Мысалы, ел ішінде резонанс тудырған жер мәселесі. «Жердің және табиғи ресурстардың иесі — халық!» деген норма Конституцияда біржола бекітілмек. Яғни, бұл — болашақта жерге қатысты мәселелелерді әртүрлі түсіндіріп, бұрмалауға жол бермейтін саяси мәні зор қадам болмақ,-дейді сарапшы. 

Сонымен қатар ол Конституцияның 30-дан астам бабына, 7 Конституциялық заңға және 15-тен артық заңға өзгеріс енгізілетінін айтты. 

Аталған реформалар арқылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мықты Президент, беделді Парламент, есепті Үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолдары заң жүзінде бекітіледі,-деді Ғ. Құсманғали.
 

Өзгелердің жаңалығы