2024 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі көлік-логистика саласын жүйелі түрде дамытуды жалғастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басты жетістіктер – жол-құрылыс жұмыстарының рекордтық көлемі, авиациядағы жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі, теміржол көлігінің жақсаруы және теңіз инфрақұрылымының дамуы болды.
Маңызды оқиғалардың қатарында автожолдарды реконструкциялау жөніндегі ірі жобалардың аяқталуы, әуе рейстері санының ұлғаюы және әуежайларды жаңғырту, экспорттық теміржол жүктері көлемінің өсуі және жаңа теңіз жобаларының іске қосылуы бар. Қабылданған шаралар көлік желісін жақсартуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және еліміздің экономикалық өсімін қолдауға бағытталған, бұл туралы PrimeMinister.kz сайтының редакциясы дайындаған шолуда толығырақ қамтылған.
Автокөлік жолдары: жол құрылысы рекорды және ауқымды жобалар
Бүгінгі таңда Қазақстандағы жалпы автожолдардың ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды, оның 25 мың шақырымы республикалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады. Жол жөндеу және құрылыс жұмыстары 12 мың шақырымды қамтиды. Бұл – елімізде бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, ал 4 мың шақырымы – жергілікті желіге тиесілі. Жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделген.
Шамамен 2 мың шақырымды құрайтын төрт автожол жобасында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында «Қарағанды – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Ақтөбе – Қандыағаш» жолдары бар. Бұл жолдардың кейбір учаскелері жаздың ортасынан бастап пайдалануға беріле бастады және барлық нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Көлік министрлігі Астана мен Алматы арасындағы негізгі бағыт — Орталық – Оңтүстік дәлізінің жол учаскелерін жоспарлы түрде іске қосуда. Мәселен, «Қарағанды – Балқаш» автомагистралі учаскесінде Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына дейінгі төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды.
Бұдан басқа, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» жаңа төрт жолақты жолы кезең-кезеңімен іске қосылуда. Талдықорғанды Қызылағаш кентімен байланыстыратын 38 км жол ашылды.
Айта керу керек, Астана мен Алматы арасындағы жолдың құрылыс сапасын кореялық Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары бақылауға алды. Инженерлер техникалық қадағалау жүргізіп, үнемі құрылыс басында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылайды.
Сонымен қатар биыл автожол саласында бірнеше маңызды жобаны, атап айтсақ, Түркістан облысы Шақпақ баба асуындағы автомобиль тоннелінің, Шамалған стансасындағы автомобиль жол айрығының, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпірдің құрылысын аяқтау көзделген.
Сондай-ақ Министрлік Recycling қайталама шикізатты қайта өңдеу технологиясын пайдалана отырып, жол құрылымын күшейте отырып, оларды орташа жөндеу бойынша жаңа ауқымды бағдарламаны іске асыруда. Салынғалы бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген жолдарға басымдық беріледі. Биыл Қазақстан Даму Банкінің қаражаты есебінен 2,5 мың шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Келесі жылы қосымша 4,5 мың шақырымда жұмыстар жалғасатын болады. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және екі есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың қатарында 20 жылдан бері жөндеу кезегін күтіп тұрған «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнаул» секілді ірі жобалар бар.
Бірінші жартыжылдықта республикалық желі объектілері Ұлттық жол активтері орталығының сапа сараптамасымен 100% қамтылды. Орталық мамандары осы аралықта 5 мың инспекциялық шығуды жүзеге асырды, 11 мыңға жуық материал сынамасы алынып, сынақтан өткізілді. Жергілікті желіні қамту 84%-ға жетті. Сонымен қатар ҚазжолҒЗИ автожол саласын толығымен цифрландыруды жүзеге асыруда. Қолданылатын жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың ашықтығы мен тиімділігін бағалауды қамтамасыз ету мақсатында Бірыңғай цифрлық база құрылды. Базаға қазірдің өзінде 642 карьер, 382 асфальт зауыты және 98 жаңа технология енгізілген.
Автожол саласындағы кадр тапшылығын жүйелі түрде шешу үшін биыл білікті мамандарды даярлау мақсатымен 1 мыңға жуық мемлекеттік білу беру гранты бөлінді.
Азаматтық авиация: әуе паркін кеңейту және рейстерді көбейту
2024 жылы Қазақстанның азаматтық авиациясы айтарлықтай өсім көрсетті. Жолаушылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артып, 6,8 млн адамға жетті. Қазақстандық әуежайларда 11,3 млн жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 21,5%-ға артық.
Биыл отандық әуе компаниялары паркі 5 ұшақпен толықтырылды. Халықаралық рейстердің географиясы аптасына 760 рейс жиілігімен және 132 бағыт бойынша 33 елге дейін кеңейтілді. Жаңа бағыттардың қатарында Ұлыбритания, Вьетнам, Германия, Грузия, Египет, Қатар, Қытай, Малайзия, БАӘ, Тайланд және басқалары бар.
Ішкі әуе тасымалын алты әуе компаниясы жүзеге асырады, атап айтсақ: Air Astana, FlyArystan, SCAT, Qazaq Air, «Оңтүстік аспаны» және «Жетісу». Олар аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша рейстерді орындайды.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттардың көлікке деген қолжетімділігі және ішкі туризмді дамыту үшін еліміздің 9 өңірінде – Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Жетісу, Павлодар, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында 19 ішкі әуе бағыты 6,6 млрд теңге сомасына субсидияланады.
Әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында Алматы қаласы әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар жеке қаражат есебінен Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында жолаушылар терминалдарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы мамыр айында Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Сондай-ақ биыл Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары басталды, ол жоспар бойынша 2025 жылы аяқталады.
Бұл инфрақұрылымдық жобалар еліміздің барлық әуежайын Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес келтіруге, ұшу қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту және авиация саласын дамыту үшін тәжірибелі инвесторлар тартылуда.
Қазақстан мен қазақстандық тасымалдаушылардан Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды. Бұл 15 мамырда Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитеті отырысының арқасында мүмкін болды, онда Қазақстанның бұған дейін анықталған ескертулерді жою бойынша қабылдаған іс-қимылдары ұсынылды. ИКАО мен Еуропалық комиссия Қазақстанды азаматтық авиацияны басқарудағы реформалаудың табысты үлгісін көрсеткен ел ретінде атап өтті.
Сонымен қатар биыл Қазақстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т-916 әуе бағыты ашылды. Бұл – Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі. Бұл бағыт ашылғалы 19 рейс орындалды. Т-916 әуе кеңістігінің жалпы ұзындығы 2 мың шақырымнан асады, оның ішінде 437 шақырымы Өзбекстан Республикасының әуе кеңістігі арқылы өтсе, қалған 1,7 мыңы Қазақстан Республикасы аумағының үстімен өтеді.
Теміржол көлігі: шикізаттық емес жүктер экспортының өсуі, вагон паркін жаңарту, көлемді жол жұмыстары
Биылғы алты айда шикізаттық емес жүктер экспортының көлемі шамамен 10 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық. Химиялық және минералды тыңайтқыштар 11%-ға, түсті металдар 9%-ға, қара металдар 15%-ға және бидай ұны, тұз, өсімдік майы және құрама жем секілді басқа жүктер 11%-ға артты. Сонымен қатар Қытай бағытында жалпы экспорт белсенді түрде артып келеді. Мәселен, өсім 19%-ды немесе 6,8 млн тоннаны құрады.
Министрлік 2024 жылы 140 жаңа жолаушылар вагонын жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылдағымен салыстырғанда 22 вагонға артық. Жоспарланған көлемнің 50 бірлігі жеткізілді, қалғаны жыл соңына дейін жеткізіледі деп күтілуде. Жаңа вагондар Қызылорда – Семей, Павлодар – Алматы, Ақтөбе – Атырау және Алматы – Сарыағаш бағыттарында пайдаланылатын болады. Сондай-ақ Павлодар – Түркістан, Қарағанды – Самара, Қарағанды – Омбы және Қостанай – Алматы бағыттарындағы вагондар жаңартылады.
Сонымен қатар теміржал саласында төрт ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» және Алматы қаласының айналма жолы бар. Биыл еліміздің теміржол желісінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 1,4 мың шақырымнан астам темір жол қамтылды, оның 570 шақырымы рельстерді толық ауыстыруды талап етеді. Қазіргі уақытта жұмыстар жартылай аяқталды.
Бұған қоса, кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталып қалды. Жалпы ұзындығы 241 шақырым болатын 600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді. Кірме жолдарды Техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары әзірленіп, бекітілді.
Порттарды дамытудың жаңа жоспары, теңіз көлігі-логистикалық кластерін құру
Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Құжат Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құруды көздейді. Бұл контейнерлерді өткізу қабілетін арттыруға, жүктерді ауыстырып тиеу терминалдарын және халықаралық тасымалдардың логистикасын дамытуға, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік бермек.
Жоспар аясында Құрық портының акваториясын тереңдету жұмыстары жоспарланған, сондай-ақ алдағы уақытта Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмысы қолға алынады. Жобалардың негізгі үлесі жеке инвестициялар есебінен салынбақ. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту шеңберінде жоспарланған инвестициялар да бар. Биылғы 6 айда ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 65%-ға артып, 2,1 млн тоннаны құрады.
Экспорттық-импорттық тасымалдарға арналған жаңа мүмкіндіктер
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында халықаралық қатынаста автомобиль көлігімен жүктерді экспорттық-импорттық тасымалдау көлемі 3,8 млн тоннаны, ал жүктерді транзиттік тасымалдау көлемі 2,4 млн тоннаны құрады. Қытаймен халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы үкіметаралық келісімді ратификациялау да маңызды оқиға болды. Енді қазақстандық тасымалдаушылар Қытайдың өнеркәсіптік және порт-қалаларына жүктерді тасымалдай алады және басқа елдердің аумақтары бойынша транзитпен жүре алады.
Биыл алғаш рет Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Құрық және Баку теңіз порттары бойынша Қытай – Қазақстан – Әзербайжан – Грузия бағытында Қытайдан Еуропаға жүктер тестілеу режимінде автокөлікпен транзиттік тасымалданды.
Сондай-ақ халықаралық қатынаста автомобиль тасымалы саласындағы рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді бұндай кезде адами фактор болмайды. Айта кетейік, әлемнің 42 елімен 231 мың рұқсат бланкілері алмасылды.