Депутат Ирина Смирнова Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, еліміздегі шетелдік ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, USAID қызметіне қатысты өткен пленарлық отырыста айтылған депутаттық сауал қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазақстандықтар өздеріне сырттан таңылатын бөтен құндылықтарға, жастарды теріс жолға бағыттайтын идеяларға наразы екенін білдіруде.
Шетелдік ұйымдардың ықпалы қандай?
Депутаттың мәліметінше, АҚШ-тың арнайы өкілі жақында "Азаттық радиосы" мен "Америка дауысы" секілді америкалық салық төлеушілер қаржыландыратын БАҚ-ты жабуды ұсынды. Бұл бастаманы Илон Маск та қолдап, аталған медиаресурстарды "қызықсыз, радикалды солшыл идеологияны ұстанатындардың диалог алаңы" деп сынға алды.
Ирина Смирнованың айтуынша, Қазақстанда шетелдік қаржыландыру алатын 200-ге жуық үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) бар, олардың 70%-ы АҚШ-тың әртүрлі қорларынан қаржыландырылған. Үкіметтің ресми деректеріне сәйкес, елімізде 165 шетелдік донор ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде:
• 53 – халықаралық ұйым,
• 31 – шетелдік мемлекеттік ұйым,
• 81 – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ.
Мәселе қайда?
Депутат Қазақстандағы көптеген шетелдік қорлардың қызметі саяси мүдделерді жасырып, "медиалық қолдау", "адам құқықтарын қорғау", "толеранттылықты арттыру" деген желеумен жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл ұйымдар қоғамға қаншалықты пайда әкелетіні немесе керісінше, зиян тигізетіні туралы нақты жауап беру қажеттігін айтты.
Шетелдік ықпалға шектеу қажет пе?
Ирина Смирнова бірқатар елдерде шетелдік ұйымдардың қызметін реттеу үшін арнайы заңдар қабылданғанын мысалға келтірді. Мысалы,
• Израиль (2016 ж.),
• Қытай (2017 ж.),
• Австралия (2018 ж.),
• Ұлыбритания (2023 ж.),
• Франция (2024 ж.) шетелдік агенттер туралы заңдарды енгізді.
Сондай-ақ, АҚШ-та 1938 жылдан бері "Шетелдік агенттерді тіркеу туралы" заң қолданыста бар. Бұл заң саясат, ақпараттық қызмет, лоббизм және қаржыландыру мәселелерін нақты реттейді.
Қазақстанда қандай шаралар қабылдануы мүмкін?
Депутат Қазақстанға да осындай тәжірибені енгізіп, шетелдік ұйымдардың қызметін айқындайтын ұлттық заңнаманы әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар, гуманитарлық және ғылыми ұйымдарды бұл тізімге енгізбеу қажеттігін атап өтті.
Біздің басты мақсатымыз – ұлттық мүддені қорғау. Қазақстандықтарға сырттан таңылатын құндылықтарды толеранттылық деп көрсетуге, ал пропаганданы тәуелсіз журналистика деп атауға жол бермеуіміз керек, – деді Ирина Смирнова.
Депутат бұл мәселені заңды түрде реттеу қажеттігін атап өтіп, Үкіметтен депутаттық сауалға белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді талап етті.