Қазақстандағы құс фабрикалары жабылуы мүмкін бе?

15 Ақпан 2022, 16:16
2592
Бөлісу:
Қазақстандағы құс фабрикалары жабылуы мүмкін бе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нарықтық жағдайда Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту үшін өндірістің, ауыл шаруашылығының түбегейлі қайта құрылуы қажет. Отандық экономиканы қайта құру кезінде проблемалық мəселелер бірінен кейін бірінің туындап жатқаны жасырын емес. 

Дегенмен ел-халықтың өмір сүру деңгейін анықтайтын аса маңызды стратегиялық сала ретінде агроөнеркəсіп өндірісінің тиімділігін арттыруға елеулі назар аудару маңызды. 

Жуырда ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау жүйесін реформалауды қолға алды. Ұсыныстардың бірі – 47 субсидия түрін 20-ға дейін қысқарту. 

Субсидияның тиімділігін арттыру үшін технологиялық ортаншы процестерді емес, тек түпкілікті нәтиже беретін оңай бақылауда ұстайтын процесстерді субсидиялау керек. Субсидияның бәрін алып тастап, жеңілдетілген несие беру жеңіл жол болып отыр. Біз 350 млрд теңгедей субсидия бөліп отырмыз, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.

Шаруалар тарапынан бұған деген қарсылық байқалады. Өйткені бұл олардың кәсібіне айтарлықтай шығын әкеледі. Қанша уақыттан бері шығынға ұшырап келе жатқан жұмыртқа өндірушілерінің де айтары бар. Мемлекет қолдауы болмаса бірнеше фабрика құс басын азайтып, тіпті жабылып қалуы мүмкін.

Мысалы, кәсіпкер Сапарғали Әбдірайымов құс фарикасының тек шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтады. 

Біз алатын субсидия – бір жұмыртқаға үш теңге. Жаңа жыл алдында министрлік бізге жұмыртқаны 32 теңгеден қойсаңдар үш теңге субсидия береміз, сонда шығындалып жұмыс істемейсіңдер деді. Бүкіл фабрикалар келісіп сол бағаға түсірдік. Оның үстіне монополияға қарсы орган 32 теңгеден жоғары болмасы деген шарт қойды. Бірақ келісілген шарт жүзеге аспады. Қазір жұмыртқаны 25 теңдеген сатып жатырмыз. Ал бір жұмыртқаның фабрикадағы өзіндік құны қосалқы құн салығын қоса алғанда – 36-37 теңге. Пайда жоқ, тек шығын, – деді ЖШС басшысы. 

 

Тағы бір кәсіпке  жұмыртқаны өзіндік құнынан да арзан бағаға сататынын айтты.

Өткенде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаровтың қатысуымен өткен жиынға қатыстым. Субсидиялау бойынша ұсыныстарды тыңдады. Бірақ нәтиже шықпады. Мысалы біз субсидияны көбірек алуға ұмтылдық және соған сай жұмыс істедік. Қазір шығындалып жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша құстарды наурызда соямыз деп едік, оны да осы кезде бастауға мәжбүр болдық. Соған сай өнім де азаяды. Яғни, баға да қымбаттайды деген сөз, – деді Қарағанды облысындағы ЖШС басшысы Валерия Семенова.

Жұмыртқа өөндірушілері қауымдастығының басшысы Максим Божко субсидиялардың алынып тасталуы барлық салаға ауыр соққы болып тиеді деген пікірде. 

«Жұмыртқаны субсидиялауды алып тастау құс фабрикаларының табысының азаюуына әкеледі. Пайдасыз, тек шығынға жұмыс істеу мүмкін емес. Жағдай осылай болса, біздер, яғни жұмыртқа өндірушілер өнім бағасын көтеруге мәжбүр боламыз. Бірақ қазір Қазақстанда жұмыртқа ішкі нарықта тұтынылатын көлемнен әлдеқайда көп өндіріледі. Ұсыныс сұраныстан асып кеткен жағдайда бағаны көтеру мүмкін емес. Сондықтан фабрикалар банкрот болмас үшін өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр, – дейді Максим Божко.

Биыл жұмыртқалайтын тауықтар санын 10-20%-ға қысқарту 300-600 жұмыс орнының қысқаруына және өндірістің 200-400 млн дана жұмыртқаға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал бұл тұтынушылардың қалтасына да әсер етпей қоймайды. Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының бағалауынша жұмыртқа 10-30% қымбаттауы мүмкін.

Әр фабрика тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Соңғы екі жылда жұмыртқа өндіретін 35 құс фабрикасының төртеуі жабылған. Төрт облыста 500 астам адам жұмысынан айырылған. Құс фабрикаларының жұмыртқа өндірісі 2019 жылы 4,3 млрд дана болса, 2021 жылы 3,5 млрд данаға дейін төмендеген.

2021 жылдың соңында Қазақстанның төрт облысынан Ресейге құс өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Қырғызстанға құс еті мен жұмыртқасын экспорттауға да тыйым салынды. Бұл жағдай шекаралас облыстардағы құс фабрикаларының артық өнімін экспортқа шығара алмауына әкелді. 

Кейінгі уақытта кейін сұраныс төмендеп, нарықта ұсыныс сұраныстан асып кеткен. Бұл жұмыртқаның көтерме бағасының төмендеуіне әкеп соқты. Ал зауыттар қазір шығынмен жұмыс істеуде. Сол себепті Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы құс өнімдері экспортын шектемеуді сұрайды. Ал өндірушілер Қытай сияқты үлкен нарыққа экспорттау жағдайды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі деп есептейді.

Құс фабрикалары, жұмыртқа өндірушілер ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы үшін қолдау керек деп дабыл қағуда. 

Өндірушілерді субсидиялаудан айыру халыққа кері әсерін тигізері анық. Құс фабрикалары жабылса қаншама адам жұмысынан айырылады. Өнімнің түпкі бағасы өсіп, азық-түлік тағы қымбаттайды деген сөз. Себебі жұмыртқа құнының қымбаттауы басқа тауарларға тікелей әсер етеді. Нәтижесінде халықтың сатып алу қабілетіне төмендеп, одан ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтары жапа шегеді. 

 

 

Өзгелердің жаңалығы