"Астана" халықаралық қаржы орталығының сарапшылары Dasco Group компаниясымен серіктесіп, "Қазақстанның креативті индустриялары: трендтері мен перспективалары" атты аналитикалық шолу дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжатта әлемдегі, Орталық Азия өңіріндегі және Қазақстандағы креативті экономиканың ағымдағы жай-күйі мен әлеуеті ашып көрсетілген, цифрлық жарнама, музыка, кино өнері және ойындар нарықтары жөнінде егжей-тегжейлі статистикалық деректер, сондай-ақ оларды одан әрі өсіруге арналған құралдар мен практикалық шешімдер ұсынылған.
Есептің басты мақсаты – экономикалық өсу мен мәдени дамудың маңызды драйвері бола алатын осы саланың әлеуеті туралы айту. Қазақстанның мәдени мұрасы бай, дарынды жандары да жетерлік, цифрландыру жоғары деңгейде дамыған – бұның бәрі ел үшін қарқынды дамып келе жатқан салада өз позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы креаторлар, стартаптар мен инвесторлар үшін қолайлы инфрақұрылым құру арқылы креативті экономиканы дамытуға өз үлесін қосуда. Біздің миссиямыз – инновациялардың дамуына ықпал ету және зияткерлік меншікті қорғау, инвестицияларды тарту және креативті жобаларды әлемдік аренада ілгерілету үшін заманауи шешімдерді ұсыну, – деп өз пікірін білдірді, -деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.
Менің ойымша, АХҚО ісін енді бастаған креаторларға көмектесуден бастап, АХҚО алаңы арқылы ірі инвестицияларды ұйымдастыруға дейін креативті секторды қолдауға арналған экожүйені құруға арналған, инвесторлар кіріп, креативті индустрияларды дамытатын тамаша алаң болады, – деді Dasco Group басқарушы серіктесі Дәрмен Сәдуақасов.
Дәрмен Сәдуақасов сондай-ақ АХҚО-ны ерекше реттеуінің арқасында оның алаңында Қазақстандағы киноиндустрия саласындағы алғашқы жеке қор – Tolqyn Film Fund OEIC Ltd. қоры құрылғанын атап өтті. Құрылым коммерциялық әлеуеті бар кино өнімдерін шығаратын компанияларға салынатын инвестицияларға бағытталған. Қордың нысаналы көлемі үш жыл қызмет ету мерзімімен шамамен 5,5 млрд теңгені құрайды, ал оның мақсаты – жанрлар мен география бойынша әртараптандырылған 15-20 жобаға инвестициялау.
АХҚО мен Dasco Group шолуында Қазақстандағы креативті индустрияның даму әлеуетіне басты назар аударылған. Атап айтқанда, сарапшылар бұл индустрия соңғы жылдары ел үшін басымдықтардың біріне айналғанын атап өтуде. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында экономиканы әртараптандыру мен өсіру үшін креативті индустриялардың стратегиялық маңыздылығы атап көрсетілген.
Статистикаға сәйкес, 2017 жылдан бастап креативті экономика номиналды түрде 3,2 есе өсті, бірақ оның елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі әлі де салыстырмалы түрде қарапайым – шамамен 1%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан дамыған елдердің көпшілігінен артта қалып отыр, бұл сектордың одан әрі өсуі үшін елеулі әлеуеті бар екенін көрсетеді.
Қазақстандағы креативті экономиканың жалпы қосылған құны (ЖҚҚ). Көрсеткіш соңғы жылдары өсімді көрсетіп отыр, 2023 жылы ол 1,2 трлн теңгеге жетті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖҚҚ 498,7 млрд теңгені құрады.
Креативті экономиканың ЖҚҚ (млрд теңгемен) және оның Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі (% бен), 2019-2024.
Қазақстандағы ең ірі "заманауи" креативті индустрия 38% үлеспен IT және видео ойындар әзірлеу секторына тиесілі: осы саланың ЖҚҚ-сы 459 млрд теңгені құрады, бұл ретте аталған соманың басым бөлігі бағдарламалық жасақтаманы әзірлеумен қамтамасыз етілген. Қалған заманауи индустриялар телевидение (99 млрд), кино (23 млрд), фотография (14 млрд) және музыка (1,7 млрд) сияқты секторларды қоса алғанда, 138 млрд теңгені ғана қамтамасыз етеді.
"Дәстүрлі" секторларға келетін болсақ, олардың ішіндегі ең ірісі архитектура, сән және дизайн саласындағы қызмет болып қалып отыр: оның елдің креативті экономикасының ЖҚҚ-сындағы үлесі 24% немесе 286 млрд теңгені құрады. Одан кейін 132 млрд теңгемен мәдени-демалыс мекемелерінің қызметі, оның ішінде театрлар мен концерттік қызмет, сондай-ақ 81 млрд теңгемен кітапханалар мен музейлер және 60 млрд теңге көрсеткішпен халық кәсіпшілігі тұр.
Қазақстанның креативті экономикасындағы бизнес және жұмыспен қамту. 2024 жылы креативті индустриялар саласында 41,8 мың бизнес субъектісі жұмыс істеді, оның 12,3 мыңы – заңды тұлғалар және 29,5 мыңы – жеке кәсіпкерлер. Соңғы жеті жылда субъектілер саны 2,7 есеге ұлғайды, тіркелген экономикалық субъектілердің жалпы санынан олардың үлесі 2%-ды құрайды. Жұмыспен қамтылғандар саны 2019 жылғы 106,7 мың адамнан 2024 жылдың ортасына қарай 141,5 мың адамға дейін өсті.
Креативті индустрия субъектілерінің саны бойынша көшбасшылар Астана мен Алматы қалалары, оларға саладағы барлық заңды тұлғалардың 67% тиесілі.