Қазақстандағы көліктердің 44%-дан астамы 20 жылдан асқан

30 Қыркүйек 2026, 11:01
АВТОР
 ©BAQ.KZ / Жанерке Жәкен 30 Қыркүйек 2026, 11:01
30 Қыркүйек 2026, 11:01
124
Фото: ©BAQ.KZ / Жанерке Жәкен

Қазақстанда автокөлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір елдегі 5,6 млн-нан астам көліктің 44%-дан астамы 20 жылдан бері пайдаланылып келеді. Бұл туралы Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Макашева ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенде» өткен «Импортталатын автокөлік құралдарына қосымша талаптар енгізу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Анар Макашеваның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда өндірушілердің ресми өкілдері саналатын жеті заңды тұлға арқылы ай сайын 20 мыңнан астам жаңа автокөлік өткізіледі. Биылғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 146 372 көлікке жеткен.

Ал отандық өндіріс көлемі айына 15 мыңнан астам көлікті құрайды. 2026 жылдың сегіз айында Қазақстанда 126 382 автокөлік шығарылған.

Қазақстан автомобиль одағының президенті жаңа көліктер нарығында автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, отандық өндірушілер мен ресми импорттаушылар азаматтардың ескі көлігін жаңасына ауыстыруын жеңілдететін тетіктерді кеңейтуге мүдделі.

Қазір еліміздің автопаркін жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Өндірушілер мен ресми импорттаушылар азаматтарға, тұтынушыларға арналған құралдарды кеңейтіп, көліктерді қолжетімді етуге және ескі автомобильді жаңасына оңай ауыстыруға мүмкіндік беруге жұмыс істеп жатыр, – деп түсіндірді ол.

©BAQ.KZ / Жанерке Жәкен

Автопарктің 44%-дан астамы 20 жылдан асқан

Спикер еліміздегі автокөліктердің жалпы санына назар аударып, олардың басым бөлігінің ұзақ уақыт пайдаланылып келе жатқанын атап көрсетті.

Бүгінде Қазақстан Республикасының автопаркінде 5,6 млн-нан астам автомобиль бар. Өкінішке қарай, олардың 44%-дан астамы 20 жылдан ескі. Сондықтан автопаркті жаңарту қажет. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда жүретін көліктер қауіпсіз болуы тиіс, – деді Анар Макашева.

Оның айтуынша, әлемде автомобиль паркін жаңартуға бағытталған түрлі құралдар қолданылады. Қазақстанда да азаматтардың ескі көлігін жаңа автомобильге ауыстыруын жеңілдететін бірқатар тетік енгізіліп жатыр.

Цифрландыру көлік рәсімдерін жеңілдетеді

Қазақстан автомобиль одағының президенті көлік саласындағы цифрландырудың да маңызына тоқталды. Оның сөзінше, цифрлық құралдар азаматтардың уақытын үнемдеп, көлікті рәсімдеу кезінде қажет болатын бірқатар процесті жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Цифрландыру құралдары, ең алдымен, азаматтың техникалық паспорт алуына және көлік иесі атануына қажетті уақытты қысқартуға көмектеседі. Автомобильді тіркеуге байланысты түрлі рәсімдер де жеңілдейді, – деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ аясында көлеңкелі саудаға қарсы іс-қимыл мәселесі де талқыланды.

Анар Макашеваның мәліметінше, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық одақ аясында 11 түрлі тауар тобы бойынша нарыққа тиісті түрде тіркелген өнімнің шығарылуын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдау керектігі қарастырылып жатыр.

Үшінші елдерден әкелінетін көліктерге қатысты мәселе

Спикер шетелден, соның ішінде үшінші елдерден әкелінетін автокөліктерге қатысты тұтынушылардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, кей жағдайда қазақстандықтар шетелден көлік сатып алғаннан кейін оның басқа елдегі тұлғаға тиесілі екенін немесе көлікке қандай да бір ауыртпалық қойылғанын анықтайды.

Бізге үшінші елдерден автомобиль сатып алған азаматтар көп жүгінеді. Өкінішке қарай, кейбір көліктер лизингте немесе кредитте болып шығады. Яғни мұндай автомобильдер басқа елдердегі өзге тұлғаларға тиесілі болуы мүмкін, – деп түсіндірді Анар Макашева.

Оның айтуынша, мұндай жағдай тұтынушы үшін елеулі проблемаға айналады. Себебі азамат көлікті сатып алғанымен, кейін оны пайдалана алмай қалуы мүмкін.

Анар Макашева мемлекеттік органдар арасындағы және ЕЭО шеңберіндегі өзара іс-қимыл мұндай тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Оның айтуынша, цифрлық жүйелер арқылы көлік туралы ақпаратты алдын ала тексеру мүмкіндігін кеңейту маңызды.

Наверх