Қазақстандағы діни ахуал мәселесі талқыланды

1 Наурыз 2022, 23:47
2433
Бөлісу:
Қазақстандағы діни ахуал мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі діни ахуал – тәуелсіздік алған уақыттан бері қоғамды мазалайтын өзекті тақырып. Қазақстан Республикасы ұлтаралық рухани келісім мен өзара ынтымақтастықты сақтау мақсатында зайырлы мемлекет болып танылды. 

Отыз жыл ішінде діни сенім мен бостандық заң аясында толық орнығып, бекіді. Билік пен саясат діни конфессиялардың ішкі мәселелеріне араласпайды. Алайда, радикалды ағым өкілдерінің кесірінен, мемлекет ішінде күмәнді топтар мен теріс ағымдағы ұйымдардың саны еселеп артты. Елімізде дін атын жамылғандар лаңкестік әрекеттер жасап, жантүршігерлік оқиғалардың орын алуына себеп болды. 

Солардың бірі – жақында ғана елді есеңгіреткен Қаңтар оқиғасы. Радикалды ағым идеяларын ұстанушылар бейбіт шеруге араласып, ел тұрақтылығына нұқсан келтірді. Екі жүзден аса адамның өмірін жалмады. Сақал, балақ, паранжа сияқты жасанды мәселелерге бас қатырып жүрген халық бұл оқиғадан кейін еліміздегі діни ахуалға тіптен күмән келтіріп қалғаны сөзсіз. 

Қаңтар қасіретіне ұқсас оқиға қайталанбас үшін қандай шаралар қолданып, өзгерістер енгізу қажет? Мемлекетіміздегі діни мәселелерді қалай шешеміз? Міне, осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу үшін «Ержанмен еркін әңгіме» бағдарламасында теолог, дінтанушы Кеңшілік Тышханнан сұхбат алынды.

Әңгіме барысында еліміздегі діни ахуал, дін мен саясат, «Қаңтар оқиғасының» себебі мен салдары, теріс ағымдардың артында тұрған белгілі топтар мен мемлекеттер, діни сауаттылық және қаражат тақырыптары қозғалып, сөз етілді. 

Теолог Кеңшілік Тышханның айтуынша, еліміздегі діни саясат о баста білікті кадрлар болмай, заң аясының дұрыс құрылмауынан тұрақсыздана бастаған. 

Тәуелсіздіктен кейінгі дін мәселесіне қатысты шешімдер мен заңдарды қабылдаған кезде, тарихта қалыптасып келе жатқан діни бірізділік мәселесі қалай болады деген тұрғыдан сарапшылар жетіспеушілігі болды деп ойлаймын. Яғни, біз ойладық, дінмен қауышсақ, бұрыңғы құндылықтарымызды қайтадан жаңғыртамыз, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанады, ата-баба ұстаған діни құндылықтарды халыққа тыйым салып керегі жоқ деп. Сол ниеттен туындаған «Діни сенім бостандығы туралы» заң 1992 жылы қабылданған кезде, дінге мүмкіндік берілді. Яғни, діни ағымдарға, діни ұйымдарға немесе он адам бірлесіп діни орта құруға болады деген сияқты. Осы нәрселерге барынша мүмкіндік берілді, бірақ кейін,  2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заң  қайта қабылдаған кезде, ҚР-да: 46 діни конфессия, қазіргі күні олардың саны 18-ге түсті;  4551 діни бірлестіктер мен ұйымдар тіркелген еді. Бұл осындай аз уақыттың ішінде қаншама діни бірлестіктер, қаншама діни ұйымдар, ағымдар, жамағаттар тіркелгенін көрсетеді. Тіркелмегендер де бар. Олардың барлығы біздің мемлекетімізде орналасып үлгерді. Кейін қарасақ, «жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, діннің атымен келгендердің барлығы имандылыққа, руханиятқа қызмет етіп жатқан жоқ. Әлемдегі көптеген дүрбелеңдердің артында діни ұйымдар бар. Болмаса, біздің діни ұйымдардың қызметтерін пайдалану бар, – деді теолог.

Жалпы, дәстүрлі емес діни культтар ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Батыс Еуропа пен АҚШ елдерінде пайда бола бастады. Олардың көбеюі дәстүрлі діндер жүйесінің бұзылуына себеп болып, халық арасында беделінің түсуіне ықпал етті. Қазір Қазақстан аумағында 18 конфессияны құрайтын 3700-ден астам діни бірлестіктер өз қызметін жүзеге асыруда. Халықтың 16 %-ы дінге сенушілер қатарында және де тұрақты түрде діни рәсімдерді орындайды. Ал 75 %-ы діни жоралғыларды тұрақты орындамайтын әртүрлі дін өкілдері. 10 %-ы Құдайға сенбейтін атеистік немесе агностик бағытын ұстанатындар.

Сұхбат барысында мұндай культтардың жетегінде көбінесе өмірде өз орнын таба алмаған жастар кететіні айтылды. Сондықтан кейбір ағымдар «жастар діні» деп те алады. Бір өкініштісі, бойындағы жалыны өшпеген жастарға дегенін жасатып, айдауына көндіретін радикалды топтар көбеймесе, азаймай жатыр. Теолог маманның айтуынша, мемлекет саясат пен экономикадан гөрі руханиятты, оның ішінде дінді бірінші орынға шығарып, білім беру жүйесіне назар аударуы қажет:

Біздің мектептерде «Дінтану негіздері» оқытылады. Ал біз өзіміздің рухани құндылықтармызды оқыта алмаймыз. Біздің ата-бабамыз ұстанған діни сенімдері туралы айта алмаймыз. Өйткені, біз зайырлы мемлекетпіз. Біз тек қана діндердің тарихын, олардың ағымдарын, ерекшеліктерін оқытамыз. Ал ол адамның жүрегіне жол таппайды. Ол – тек қана ақпарат. Балаға тәрбие беру үшін «Сенің атаң намазды былай оқыған» деп түсіндіру керек. Ал олай мемлекеттің аузымен айта алмайсыз. Өйткені, зайырлы мемлекет, – дейді Кеңшілік Тышхан.

Бұдан бөлек, дінтанушы университет қабырғасында да тиісті білім беріп, таңдау факультативтерін оқытуды ұсынды.

Кеңшілік Тышхан еліміздегі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл әрекеттерін пысықтап, бөлінетін қаржы есебін бақылау, жемқорлық пен сыбайластыққа жол бермеу мәселесін қолға алуды ұсынды.

Зайырлылық – мемлекетіміздің басты мұраты – біртұтас ұлтты қалыптастырудың басты құралы. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Зайырлылық дәстүрлері – Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы» деп атап өтті. Яғни, қазақстандықтардың бейбітшілігін сақтай отырып, барлық діндердің құқығын қорғау және құрметтеу өте маңызды. 

Дін дегеніміз – әрбір адамның таңдау еркіндегі жеке мәселесі. Ал зайырлылық – жаһандану уақытындағы заман талабы. Әрбір дін рухани құндылықтарын сақтап, адамзат игілігіне оң әсер етуі керек. Сондықтан халық арасында дәстүрлі діни сенімді дұрыс насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және конституциялық қағидаттар жүйесін нығайтсақ нұр үстіне нұр болмақ.

Аружан АЛПЫСБАЙ

Өзгелердің жаңалығы