Қазақстандағы бос тұрған кен орындары онлайн аукционға шығарылады

3 Наурыз 2023, 02:39
1073
Бөлісу:
Қазақстандағы бос тұрған кен орындары онлайн аукционға шығарылады
Фото: ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Еуропа елдерінің елшілерімен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған дейін жер қойнауын пайдаланып келген 300-ден астам компаниямен келісімшарт бұзылды. Олар өз инвестициялық міндеттерін орындамаған. Мемлекет оларға берілген лицензияларды кері қайтарып алды. Енді бұл кен орындары жаңа инвесторларға онлайн аукцион арқылы беріледі.

Кездесуге 40-тан астам елдің елшілері шақыртылды. Оларға Қазақстандағы бос тұрған 25 кен орны туралы мәлімет ұсынылып, ондағы мүмкіндіктер таныстырылды. Ондағы ақпарат бүгінде цифрландырылған. Кез келген адам онлайн таныса алады. Бұл Қазақстанға инвесторларды тарту мақсатында атқарылып отырған шара.

Инвесторларды бірінші кезекте инвестиция құю шарттары қызықтырады. Ол мәліметтер қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ іріктеу қандай жолмен жүргізіледі? Бұл да инвестор үшін маңызды. Қазір Еуроодақ елдері сирек кездесетін металға деген тәуелділіктен арылу үшін жұмыс істеп жатыр. Сұраныс бар. Сөз жоқ, Қазақстанның потенциалы өте жоғары. Бұл мүмкіндікті пайдалану қажет. Аукцион бойынша ақпар алдық. Енді ол Еуропа елдеріне жіберіледі, – деді Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Кестутис Янкаускас.

Енді Қазақстандағы бос тұрған кен орындары онлайн аукционға шығарылады. Яғни, инвестор отандық болсын, шетелдік болсын, лицензияны осылай ғана алады. Ол ашық әрі жариялы түрде өткізіледі. Ол бір. Екінші, жер қойнауын пайдалануға рұқсат алған инвестордың мойнына әлеуметтік жауапкершілік жүктеледі. Сол жердегі елді мекендер, ауыл, моноқалалардағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Сондай-ақ  жергілікті тұрғындардың пікірімен санасуға міндеттеледі. Үшіншіден, жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартуы тиіс.

Аукционды қалай өткіземіз? Оған қалай қатысу туралы баршасына айттық. Одан басқа жер қойнауын пайдалану саласындағы, оның ішіндегі сирек кездесетін қазба байлықтар туралы қандай іс-шаралар, қандай мүмкіндіктеріміз бар? Қандай мүмкіндіктерді болашақ инвесторларға ұсынамыз, осыны баршасын даярлап бердік. Қазір бос тұрған кен орындарын көрсеттік. Әрбір металл бойынша. Ең басты қойып отырған талабымыз – кез келген инвесторға, кез келген жер қойнауын пайдаланушыға бұл ертең сол жер қойнауындағы қазба байлық халықтың игілігі үшін жұмыс істеуі, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Қазақстан жер қойнауын пайдалану саласына шетелдік инвесторларды тартуға мүдделі. Осы арқылы заманауи технологияларды енгізіп, тау-кен өндірісіндегі инфрақұрылымды дамыту көзделіп отыр. Аукцион биыл 26 маусымда өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы