Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде "Төрелік туралы" ҚР Заңын іске асыру мәселелері және оны одан әрі дамыту перспективалары" тақырыбы бойынша отырыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Талқылауға Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Сот әкімшілігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Парламентаризм институты, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Арбитраж жүйесіндегі өзекті мәселелерді анықтау және заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу – шараның негізгі мақсаты болды.
Сенат комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров отырыс барысында дауларды шешуде арбитраж маңызды құралы екенін және ол мемлекеттік соттарды тиімді толықтыра алатынын атап өтті.
Арбитраж – мемлекеттік соттарға балама жүйе. Оның негізгі қағидаттарына заңдылық, тараптар еркінің автономиясы, тәуелсіздік, жарыспалылық, теңдік, әділеттілік және арбитраждық келісімнің дербестігі жатады, – деді Нұрлан Бекназаров.
Сенатор Евгений Больгерт өз кезегінде осы саладағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Олардың қатарында халықтың арбитражға деген сенімінің төмендігі, құқық қолдану тәжірибесінің шектеулігі, дауларды қарау құнының жоғарылығы, істерді қарау мерзімінің нақты реттелмеуі және көпжақты дауларды шешудегі қиындықтар бар.
Қатысушылар отырыс барысында дауларды шешудің тиімді тетігі ретінде арбитражды танымал ету, сондай-ақ заңнамалық базаны қазіргі заман талабына сай жетілдіру мәселелерін талқылады. Тараптар кездесу қорытындысы бойынша бұл бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігі жөнінде келісімге келді.