Қаржы министрі Мәди Тәкиев Үкімет отырысында қазақстандықтарды сауда жасаған кезде чек талап етуге шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бюджеттің түсіміне жататын салықтар сомасының төмендеуіне тікелей әсер ететін, жекелеген кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті сақтамауы орын алып отыр.
Министрдің мәлімдеуінше, кәсіпкерлерден фискалдық чектер талап ету бойынша азаматтардың мәдениетін көтеруге ерекше назар аудару керек. Себебі бұл, бірінші кезекте, олардың тұтынушылық құқықтарын қорғау болып саналады.
Мәселен, 2024 жылы 402 мыңға жуық бақылау-кассалық машинасы немесе тіркелгендердің 39 % чек бермегені анықталды. Сонымен қатар, 16 755 бақылау-кассалық машина POS-терминалдар мен QR-төлемдер бойынша түсімдер болғанымен чек берілмеген. Бір ай бойы күніне тек бір ғана чек шығарып келген, немесе түсімнің бірдей сомасын көрсетіп келген. 260 мыңға жуық салық төлеуші анықталды. Айтып өту керек, тиісті жұмыстардың нәтижесінде 400 мың кассаның ішінен биыл 70 мың кәсіпкер чек бере бастады. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Белгілі болғандай, жоғарыда көрсетілген цифрлық шешімдерді енгізу, аталған фактілерді жедел анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес секторында салықтарды барынша азайту және төлеуден жалтару схемалары, әлі де өзекті болып отыр. Мысалға, бір заңды мекенжай бойынша бірнеше компанияны тіркелген. Ақпараттарға сәйкес, тек 3 576 мекенжайдың өзінде 20 мыңға жуық компания тіркелген, ал олардың салықтар бойынша берешектері 60,4 млрд теңгені құрады. Олардың іс жүзіндегі қызметін анықтау үшін, салықтық тексерулер жүргізілуде, - деді Мәди Тәкиев.