Қазақстандағы алғашқы АЭС ресейлік ВВЭР-1200 жобасы негізінде салынады

Құрылыстың басым бөлігін Ресей қаржыландырады.

 ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай Бүгiн 2026, 13:51
Бүгiн 2026, 13:51
152
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай

«Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын ресейлік ВВЭР-1200 жобасы негізінде салу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл технология Ресейде және шетелде сәтті пайдаланылып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Лихачевтің сөзінше, Қазақстанға Ленинград АЭС-інің үшінші және төртінші энергоблоктарына ұқсас технология ұсынылып отыр.

Біз ұсынып отырған станция Ресей Федерациясында қазірдің өзінде салынып, табысты жұмыс істеп тұр. Бұл жағдайда біз жаңа Ленинград атом электр станциясының үшінші және төртінші блоктарының «іні нұсқаларын» саламыз. Бұл – ВВЭР-1200. Оны біздің сатылымдағы ең сұранысқа ие жобамыз деуге болады. Біз бұл технологияны шетелде кеңінен қолданып келеміз, – деді Лихачев.

Ол дайын технология қолданылғанымен, Қазақстанға арналған жобаның өзіндік ерекшелігі болатынын атап өтті. Қазірдің өзінде мамандар шамамен бір жылдан бері Балқаш көлінің жағасындағы Үлкен ауылында орналасқан алаңда инженерлік зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жыл соңына дейін қазақстандық тараптың талаптарын ескере отырып, жобаның барлық техникалық параметрі мен ерекшелігі айқындалады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ құрылыстың белсенді кезеңін бастау мерзімі де қарастырылып жатыр. Алғашқы бетон құю жұмыстары осы онжылдықта жүргізілуі мүмкін.

Алда үлкен жұмыс көлемі тұр. Бұл – құрылыс-монтаж базасын дайындау, қазақстандық кәсіпорындармен келісімшарт жасау және лицензиялау жұмыстары, – деді «Росатом» басшысы.

Ол Қазақстанның атом саласында айтарлықтай тәжірибесі бар екенін және ондаған жыл бойы осы бағыттағы технологияларды дамытып келе жатқанын атап өтті.

Станция құрылысы жөніндегі жобалық келісімнен бөлек, тараптар қаржылық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдерге де қол қояды. Оның ішінде мемлекетаралық кредит беру мәселесі бар.

Күрделі салымдардың басым бөлігін мемлекетаралық кредит жабады. Бірақ қаржыландырудың бір бөлігі қазақстандық тараптың еншісінде қалады, – деп нақтылады Лихачев.

Тараптар өзара есеп айырысу, сондай-ақ қаржылық және транзакциялық шығындарды азайту мәселелеріне де ерекше назар аударып отыр.

Негізгі келісімдерге қол қойылды. Енді аз ғана нәрсе қалды: станция құрылысын бастап, оны аяқтау, – деп түйіндеді ол.

Наверх