Қазақстанда әлеуметтік жұмысты дамыту тек мемлекеттік органдардың міндеті болудан қалып, кәсіби қауымдастықтың да белсенді араласуымен жүзеге асып келеді. Мамандар заңнамалық өзгерістерді, кәсіби этика стандарттарын және адам құқықтарын қорғау қағидаттарын ілгерілетуге атсалысуда. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында Ұлттық кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының президенті Динара Есимова айтты.
2019 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары құрған Ұлттық альянс бүгінде мемлекетпен бірлесіп жұмыс істейтін кәсіби ұйымдардың біріне айналды. Ұйым Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен, Қылмыстық-атқару жүйесі және Бала құқықтарын қорғау комитеттерімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасқан. Сонымен қатар медициналық орталықтармен және өңірлік әкімдіктермен жұмыс істейді.
Жинақталған тәжірибе негізінде қауымдастық әлеуметтік жұмыстың тұжырымдамасы мен тиісті заң жобасын өз бетінше әзірлеген.
«Бұл тәжірибе бізге жұмысты әрі қарай дамытуға мүмкіндік берді. Әлеуметтік жұмыстың тұжырымдамасы мен заң жобасын өзіміз әзірледік. Енді оны жетілдіріп, қабылдауға дейін жеткізу қажет», – деді Динара Есимова.
Оның айтуынша, құжат мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, әлеуметтік салада күнделікті жұмыс істейтін мамандардың тәжірибесі негізінде әзірленген. Яғни заң жобасы «төменнен жоғарыға» қағидаты бойынша қалыптастырылған.
Әлеуметтік қызметкерлердің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы да саладағы өзгерістерге серпін берді. Альянс 2022 жылы Халықаралық әлеуметтік қызметкерлер федерациясына қосылған. Кейін мамандар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс қағидаттарына адамның өзін-өзі анықтау құқығын қоса алғанда, кәсіби этика талаптарын енгізген.
Динара Есимованың пікірінше, қазіргі әлеуметтік жұмыс ғылыми дәлелдерге негізделіп, ұзақ мерзімді жоспарлауды қажет етеді. Бұл ретте балалардың мүддесін қорғау маңызды бағыттардың бірі.
«Әрбір жаңа буын қазақстандықтардың алдыңғы буыннан жақсы өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек», – деді Альянс басшысы.
Сарапшы азаматтардың ел өміріне араласуы тек саяси үдерістермен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, мықты кәсіби бірлестіктердің қалыптасуы да азаматтық қоғамды дамытуға ықпал етеді. Осы бағытта Альянс мамандарға арналған тегін вебинарлар мен конференциялар өткізіп, YouTube-тегі ресми арнасында 500-ге жуық оқу материалын жариялаған.
ЕҚЫҰ алаңы да әлеуметтік жұмыс саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, адам саудасына қарсы іс-қимыл, балалардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қызметкерлерді даярлау бағдарламаларын дамыту бағыттарында бірлескен жұмыс жүргізуге болады.
Динара Есимова халықаралық серіктестер мен ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің қолдауы әлеуметтік қызметкерлерді даярлау жүйесін күшейтіп, өңірдегі адами капиталды дамытуға елеулі үлес қоса алатынын атап өтті.