Қазақстанда жүргізушісіз такси қашан іске қосылатыны айтылды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ұшқышсыз технологияларды дамыту бағытындағы жоспарлар жайлы айтты.

 gov.kz Бүгiн 2026, 11:12
Бүгiн 2026, 11:12
202
Фото: gov.kz

Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ұшқышсыз технологияларды дамыту бағытындағы жоспарлар жайлы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің айтуынша, Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен ұшқышсыз автомобильдер бойынша эксперименттік жоба іске қосылмақ.

Ұшқышсыз технологияларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазақстанда халықаралық технологиялық компаниялардың қатысуымен ұшқышсыз автомобильдер бойынша эксперименттік жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026 жылдың екінші тоқсаны, – дейді Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар ол жеке бастама аясында дрон арқылы жеткізу қызметін енгізу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, жеке бастама аясында дрон арқылы жеткізу қызметін енгізу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Аталған бастамалар қалалық мобильділік пен логистиканың жаңа модельдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді, – дейді министр.

Бұған дейін Қазақстанда басқаруы шартты және жоғары деңгейде автоматтандырылған автокөлік құралдарын кезең-кезеңімен енгізуге арналған пилоттық жобаның бағдарламасы әзірленген еді.

Наверх