Қазақстанда жол қауіпсіздігі күшейтілуде: жол апаттарынан болатын өлім-жітім төмендеді

ДДСҰ мен ұлттық статистика деректері Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім көрсеткішінің төмендеу үрдісі бар екенін көрсетеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 11,4 жағдайға дейін төмендеген. Сонымен қатар 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жол апаттарынан қаза тапқандар саны тағы 15,5%-ға азайған.

 pixabay 30 Қыркүйек 2026, 06:39
30 Қыркүйек 2026, 06:39
99
Фото: pixabay

ДДСҰ-ның 2023 жылғы, 2021 жылғы статистикаға негізделген салыстырмалы деректеріне сәйкес, Қазақстанда жол-көлік оқиғалары салдарынан 100 мың тұрғынға шаққанда 12,2 адам қайтыс болған. Сонымен қатар ұлттық деректер оң динамиканы көрсетіп отыр: 2025 жылы көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 11,4 жағдайға дейін төмендеді.

Бұл туралы BAQ.KZ energyprom.kz. сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ретте ДДСҰ көрсеткіші есептік бағалау болып табылады. Ұйым деректерді түзету мен тегістеуді қарастыратын бірыңғай халықаралық әдістемені қолданады. Сондықтан оның көрсеткіштері ұлттық статистикадан өзгеше болуы мүмкін. Мұндай тәсіл есеп жүргізу жүйелері әртүрлі елдердегі жағдайды салыстыруға мүмкіндік береді.

ДДСҰ-да салыстырмалы деректері бар ЕАЭО және Орталық Азияның жеті мемлекетінің ішінде Қазақстанның көрсеткіші төмен және жоғары мәндердің арасында орналасқан. Қазақстаннан төмен көрсеткіш Беларусьта – 100 мың адамға шаққанда 7,4 жағдай, Өзбекстанда – 9,3 және Ресейде – 10,6 болды. Ал жоғары көрсеткіш Қырғызстанда – 13,3, Арменияда – 13,6 және Тәжікстанда – 13,9 жағдайды құрады.

Түрікменстан бойынша есепте салыстырмалы деректер болмаған. Жалпы бұл ел көптеген көрсеткіштер бойынша ресми статистика ұсынбайды.

Сонымен қатар Қазақстанның ұлттық деректері соңғы жылдары жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. 2025 жылы елде 34 146 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 2 330 адам қаза тауып, 49 220 адам жарақат алған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларының саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4%-ға артқанымен, қаза тапқандар саны 9,7%-ға азайған. Яғни жолдағы апаттар саны өскен жағдайда да олардың өліммен аяқталу көрсеткішінде төмендеу байқалған.

2026 жылы да оң динамика сақталды

Бұл үрдіс 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында да жалғасқан. Бас прокуратураның мәліметінше, осы кезеңде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер саны 6%-ға, ал қаза тапқандар саны 15,5%-ға азайған. Қаза тапқандар саны 955-тен 807 адамға дейін төмендеген.

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында да көрсеткіштер төмендеген. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұндай жолдарда 1 371 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға аз. Қаза тапқандар саны 401-ден 332 адамға дейін, яғни 17%-ға төмендеген.

Жол апаттарының негізгі себептері

Мемлекеттік органдардың деректеріне сәйкес, жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы.

Көлік министрлігінің 2026 жылғы мәліметінде республикалық трассалардағы апаттардың негізгі факторларының қатарында жылдамдықты асыру – 35%, арақашықтықты сақтамау – 12%, көлікті басқара алмау – 11% және қарсы жолаққа шығу – 8% екені көрсетілген.

Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының алдын алуда жүргізушілердің жауапкершілігін арттырумен қатар, жол инфрақұрылымының сапасы да маңызды рөл атқарады. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, жарықтандыру, қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерін салу және жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі

Жол қауіпсіздігін арттырудың тағы бір құралы – көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын ақылы жол учаскелерінде бұл жүйе қолданылған. Ресми дерек бойынша, аталған учаскелерде жол-көлік оқиғаларының саны 17%-ға төмендеген.

Сонымен бірге 2026 жылы орташа жылдамдықты бақылау жүйесін автожолдардың тағы бес учаскесіне енгізу жоспарланған. Бұл тәсіл жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етуге бағытталған.

Медициналық көмектің маңызы

Жол-көлік жарақаттарының салдарын азайтуда медициналық көмектің уақытылы көрсетілуі де маңызды. Денсаулық сақтау министрлігі соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының саны өскеніне қарамастан, өлім деңгейінің төмендегенін атап өтеді. Сонымен қатар ауруханаға дейінгі кезеңдегі өлімді азайту үшін жедел медициналық жәрдемнің жету уақытын қысқарту, медициналық ұйымдардың дайындығын арттыру және автожолдардағы шұғыл көмек инфрақұрылымын дамыту шаралары қарастырылған.

Осы мақсатта 2026–2030 жылдарға арналған жол-көлік жарақаттарының теріс салдарын төмендету жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

Осылайша, Қазақстанда жол-көлік оқиғалары мәселесі әлі де өзекті болғанымен, соңғы жылдардағы деректер өлім-жітім көрсеткішінің төмендеу үрдісін көрсетеді. Халықаралық бағалаулардағы 12,2 жағдайдан ұлттық статистикадағы 11,4 жағдайға дейінгі төмендеу, сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қаза тапқандар санының 15,5%-ға қысқаруы жол қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді. Алдағы міндет – бұл динамиканы сақтап, жолдағы адам өлімін одан әрі азайту.

Наверх