- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда жеңілдетілген автонесие неге толық жұмыс істемейді
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие неге толық жұмыс істемейді
Қаржы тапшылығы, несиеге сұраныстың жоғарылығы және бағдарламаның әлеуметтік бағытталуы – жеңілдетілген автонесиенің негізгі түйткілдері.
18 Қараша 2026, 08:00
Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиеге сұраныс жоғары болғанымен, көлік алғысы келетін азаматтардың бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Негізгі себеп – бағдарламаны қаржыландыру көлемінің шектеулі болуы. Ал отандық автозауыттар өндірісті екі есеге дейін арттыруға қауқарлы екенін айтады. Бағдарламаның қандай тұстары қайта қаралуы керек? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Қаражат тез таусылып, сұраныс өтелмей қалды
Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, жеңілдетілген автонесие іске қосылған кезде отандық көліктердің сатылымына оң әсер еткен. Алайда бағдарламаға бөлінген қаражат тез игеріліп, оның ықпалы қысқа уақытпен шектелген.
Жеңілдетілген несие іске қосылған кезде адамдар бірден көлік сатып ала алды. Автосатушылар да көп машина сатуға мүдделі болды. Бірақ бұл кезең өте қысқа болды. Қаражат тез таусылып, бағдарлама жұмыс істеген уақыт ішінде ғана сұранысты қамтамасыз етті. Жалпы, жеңілдетілген автонесие қазақстандық құрастырудағы көліктердің сатылымына оң ықпал етті. Сол кезде жаңа автомобильдердің бағасы тұрақты болды, бағдарлама олардың құнына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Ал қолданыста болған көліктер нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікке, тапшылыққа байланысты баға өсті, – дейді Алексей Алексеев.
Оның айтуынша, сол кезеңде көлік тапшылығын пайдаланған кейбір дилерлер сатып алушыларға қосымша тауарларды міндеттеп ұсынған. Көлікті алу үшін азаматтар шина, дабыл жүйесі, кілемше, қосымша жүксалғыш, тіпті электросамокат сатып алуға мәжбүр болған жағдайлар кездескен. Кейін заңгерлердің араласуымен автосалондар көлікті қосымша жабдықтарсыз сатуға көшкен.
Отандық өндіріс сұранысты өтей ала ма?
Алексей Алексеев Қазақстандағы автомобиль зауыттары өндіріс көлемін арттыруға қауқарлы екенін айтады. Оның сөзінше, қазір кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемейді және көлік шығаруды екі есеге дейін көбейте алады. Бұған қоса, отандық көліктердің модельдік қатары кеңейіп, жаңа зауыттар іске қосылған.
Қазір Қазақстанда сатылатын жаңа автомобильдердің шамамен 70 пайызы – отандық өндіріс өнімі. Демек, біз өндіріс көлемін бұдан әрі де арттыра аламыз. Қажет болса, тағы бір автомобиль зауытын салуға мүмкіндік бар. Егер жеңілдетілген автонесие бағдарламасы толыққанды жұмыс істесе, отандық өндірушілер де бұған қуанар еді, – дейді автосарапшы.
Ол соңғы кезеңде автомобиль бағасының төмендеуіне де назар аударды. Оның айтуынша, қытайлық брендтер арасындағы баға бәсекесі күшейіп, көптеген модельдің құны бірнеше миллион теңгеге арзандаған. Ал жеңілдетілген автонесиенің әлеуметтік маңызы зор болған. Өйткені көлік көптеген азамат үшін табыс табудың құралы, ал отбасылар үшін күнделікті қажеттілік.
Бағдарламаның басты кедергісі – қаржы тапшылығы
Экономист Бауыржан Ысқақ жеңілдетілген автонесие бағдарламасын екі бағытта бағалау қажет деп есептейді. Біріншісі – халықтың көлік сатып алу мүмкіндігін арттыру, екіншісі – отандық автомобиль өндірісін дамыту. Оның пікірінше, негізгі мәселе – қаржыландыру көлемінің шектеулі болуы.
Қазақстанның Даму банкінің мәліметінше, бағдарлама іске қосылған кезде оған Ұлттық қордан 26 миллиард теңге, республикалық бюджеттен 16 миллиард теңге және Ұлттық банктен 40 миллиард теңге бағытталған. Жалпы қаржыландыру көлемі 82 миллиард теңгені құраған. Қазіргі уақытта қосымша жаңа қаржы бөлу көзделмеген. Сондықтан бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтардың барлығын қамту мүмкін емес. Мұнда сұраныс пен қолжетімді қаражат көлемінің арасында үлкен айырмашылық бар, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Экономист қайтарылған несие қаражатын қайта айналымға жіберу тетігін тиімді деп санайды. Алайда бұл механизм халықтың сұранысын толық өтеуге жеткіліксіз болуы мүмкін.
26 қаңтардағы мәлімет бойынша, бағдарлама іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 266 миллиард теңгеден астам 81 308 несие берілген. Ал бағдарламаға қайтарылған қаржыландыру көлемі 184,327 миллиард теңгеге жеткен. Револьверлік механизмнің артықшылығы – мемлекет бөлген қаражат бірнеше рет айналымға түседі. Бірақ қаражаттың қайта айналымға түсуі уақыт алады, төлемдер кешігуі мүмкін. Сондықтан бұл тетік бағдарламаның ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне негіз болғанымен, халықтың сұранысын толық қанағаттандырады деу қиын, – дейді сарапшы.
Жеңілдетілген несие көлікті арзандатпайды
Бауыржан Ысқақтың айтуынша, жеңілдетілген автонесие автомобильдің өзін арзандатпайды, тек оны сатып алу шарттарын жеңілдетеді. Егер несие арқылы сұраныс артқанымен, өндіріс көлемі көбеймесе, нарықта бағаға қысым тууы мүмкін.
Мемлекет жеңілдетілген несие арқылы халықтың сатып алу мүмкіндігін арттырады. Бірақ нарықта қосымша сұраныс туындап, өндіріс оған сай көбеймесе, бұл бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан жеңілдетілген несие өндіріс көлемінің өсуімен қатар жүруі керек. Әйтпесе, ол халыққа ұзақ мерзімді қолжетімділік беретін құралдан гөрі сұранысты уақытша ынталандыратын механизмге айналып кетуі ықтимал, – дейді экономист.
Ол мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік жағына да назар аударды. Қазіргі бағдарламада азаматтың табысына қарай басымдық берілмейді, негізгі талаптардың бірі – банктің төлем қабілетін бағалауы. Соның салдарынан көлікке мұқтаж, бірақ табысы төмен азаматтың несие алу мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін.
Мемлекеттік қолдауды табыс деңгейіне қарай саралап, орташа және төмен табысты отбасыларға басымдық беру керек. Сонымен қатар бір азаматқа немесе бір отбасына берілетін жеңілдіктің қайталануына шектеу қойып, қаражаттың нақты кімдерге жеткенін бақылау қажет. Бірақ әлеуметтік әділдік дегеніміз – табысы төмен азаматтардың бәріне міндетті түрде несие беру емес. Олардың қарызды өтей алу қабілетін де ескеру керек. Әйтпесе, халықтың қаржылық жағдайын жақсартудың орнына борышкерлік деңгейін арттырып алуымыз мүмкін, – дейді Бауыржан Ысқақ.
Қандай өзгерістер керек?
Алексей Алексеев бағдарламаны жетілдіру үшін мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялап, отандық өндірушілерге берілетін артықшылықтарды қайта қарауы керек деп есептейді. Сонымен бірге көліктің ең жоғары бағасына қойылатын шекті төмендетіп, бағдарламаны әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға бағыттауды ұсынады.
Мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өз мойнына алса, азаматтарға көлік алу жеңілдер еді. Отандық өндірушілерге берілетін артықшылықтардан бас тарту да нарықтағы таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұған қоса, автомобильдің шекті құнын шартты түрде 7 миллион теңге деңгейінде белгілеп, ең қолжетімді көліктерді алуға мүмкіндік беруге болады. Меніңше, мұндай бағдарлама ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға көмектесуі керек», – дейді автосарапшы.
Ал экономист Бауыржан Ысқақ бағдарламаны өндірісті дамыту, әлеуметтік қолдау және қаржыландырудың ашықтығы қағидаттарына негіздеуді ұсынады. Оның пікірінше, мемлекет автомобиль компоненттерін өндіретін кәсіпорындарды қолдап, импортқа тәуелділікті азайтуы қажет. Бұл отандық көліктердің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Жеңілдетілген автонесиені дамыту үшін мемлекет жыл сайын бағдарламаға қаражат бөліп, қайтарылған ақшаны қайта айналымға жіберіп отыруы керек. Бұл елдегі автомобиль паркін жаңартып, көліктердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тетігін қолдануға болады. Мысалы, жаңа көлікке арналған банктік несиенің орташа мөлшерлемесі 26 пайыз болса, мемлекет мұндай азаматқа 7 пайыздық мөлшерлеме ұсынып, қалған айырманы өз мойнына ала алады, – дейді экономист.
Оның пайымынша, бағдарламаны толығымен тоқтату немесе шексіз қаржыландыру ғана шешім емес. Негізгі міндет – бөлінген қаражаттың тиімділігін арттырып, мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарды қыста қандай өзгерістер күтіп тұр: Жалақы, зейнетақы, жәрдемақы және айыппұл
- Алаяқтар зейнетақы ақшасын иемденудің жаңа айласын ойлап тапты
- Депутаттар халықтың ұсыныстары мен талаптарын тыңдады
- ҚазҰУ студентінің қазасы: Ғылым министрлігі тексеру жүргізеді
- Қазақстанда 1 242 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр
Мақпал ОРЫНБЕК