Қазақстанда жаңадан қабылданған Цифрлық кодексте "азаматтың цифрлық кеңістігі" деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл кеңістікте жеке деректерге жасалған барлық жүгінулер туралы ақпарат тіркеліп отырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл жүйе деректер қағаз жүзінде өшірілгенімен, іс жүзінде әлі де пайдаланылып жатқан жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Егер сіздің деректеріңізге қайтадан жүгінсе, демек олар шын мәнінде жойылмаған деген сөз. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздік комитеті тиісті әрекет етеді, – деді ол.
Сондай-ақ депутат Қазақстанда жеке деректердің таралып кетуі туралы хабарландыру жүйесі бұрыннан жұмыс істейтінін еске салды. Егер жеке ақпараттың қауіпсіздігі бұзылса, азаматтарға өз деректерін қорғау бойынша ұсыныстар көрсетілген SMS-хабарламалар жіберіледі.
Смышляева цифрлық заңнама азаматтарды қорғауға арналған құқықтық тетіктерді қалыптастырғанымен, пайдаланушылардың өз жауапкершілігі де аса маңызды екенін атап өтті. Яғни артық ақпарат беруден бас тарту, ал сервистерді пайдалануды тоқтатқан жағдайда деректерін жоюды талап ету қажет.
Еске салайық, бұған дейін Цифрлық кодекс қазақстандықтар үшін нені өзгертетіні туралы хабарланды.
Сонымен қатар, Қазақстанда азаматтардың деректері қалай қорғалатыны туралы жаздық.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун "Күнделік" жүйесінен балалардың деректерінің таралуына қатысты жағдайға түсініктеме берді.