Maqsut Narikbayev University Әкімшілік және неміс құқығы ғылыми мектебінде Жануарлар құқығы орталығы – Animal Law ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл орталық әртүрлі жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы елдегі жануарлар құқығын зерттеуге, қорғауға және ілгерілетуге бағытталған.
«Жануарлар өздерін қорғай алмайтын, біздің көмегімізге мұқтаж тіршілік иелері. Ал олардың құқықтары қорғалу қажет, сондықтан біз өз тарапымыздан сол қорғалуға септігімізді тигізуге дайынбыз», - деді Maqsut Narikbayev University Басқарма Төрағасы Талғат Нәрікбаев орталықтың ашылуында.
Animal Law Орталығының басты мақсаты - жануарлар құқығы заңнамалық деңгейде қорғалатын қоғам құру. Орталық ғалымдарды, тәжірибелі заңгерлерді, сарапшыларды және жануарларды қорғаушыларды біріктіре отырып, жануарлар әлеміне саналы көзқарас қалыптастыру арқылы қоғамды ізгілендіруге ұмытылады.
Қазіргі уақытта Animal Law Орталығы бірқатар негізгі жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруда:
- Қазақстан Республикасында жануарларды мәдени ойын-сауық мақсатында пайдалануды құқықтық реттеу;
- Қазақстан Республикасында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету: әкімшілік-құқықтық аспектілер;
- Қазақстан Республикасындағы аңшылық туризмді құқықтық тұрғыда реттеу;
- Жануарларға қатыгездік жасағаны үшін заңды жауапкершілікті енгізу;
- Қараусыз қалған жануарлар паналайтын үйлердің жағдайларын жақсарту;
- Жануарларға жауапкершілікпен қарауды насихаттау.
Айта кету керек, бұл жобалардың әрқайсысы жануарлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ оларға қатысты қоғамның көзқарасын қалыптастыруға, тиісті заңдарды қабылдауға бағытталған.