Қазақстанда жаңа мұнай түрі өндіріледі

17 Ақпан 2025, 11:23
498
Бөлісу:
Қазақстанда жаңа мұнай түрі өндіріледі
Фото: BAQ.KZ ЖИ

Қазақстанда нарықта қымбат саналатын тақтатас мұнайы өндірілмек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда Қарағансай кен орны (Ұлытау және Қызылорда облыстары) тақтатас мұнайын өндіруге ең қолайлы аймақ деп танылып отыр. Аталған аймаққа геологиялық зерттеулер жүргізілді. Биылдан бастап өндіріс жұмыстары басталады.

Тақтатас мұнайы деген не?

Тақтатас мұнайы – жер қойнауында тереңде жатқан, дәстүрлі әдістермен алуға қиын мұнай. Ол кәдімгі мұнайдан өзгеше, өйткені жер астында жабық қабаттарда орналасады. Сол себепті оны өндіру үшін арнайы технологиялар мен күрделі жабдықтар қажет.

Қарағансай кен орны: мұнай өндірісі қалай жүргізіледі?

-Қарағансай кен орнының жалпы қоры – 56 млн тонна мұнай.
-2025 жылы 11 жаңа ұңғыма бұрғыланады.

Қазіргі уақытта ұңғымаларды бұрғылау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Тақтатас мұнайын өндіру дәстүрлі әдістерге қарағанда қиынырақ. Сондықтан қабатты гидравликалық жару (ҚГЖ) технологиясы қолданылады.

Қабатты гидравликалық жару (ҚГЖ) деген не?

Бұл – мұнайды жер астынан шығарып алу үшін қолданылатын жаңа әдіс. Оның жұмыс принципі қарапайым:

Ұңғымаға жоғары қысыммен арнайы сұйықтық айдалады. Қабаттарда жарықтар пайда болып, мұнайдың қозғалуына жол ашылады. Осы әдіспен мұнай жер бетіне шығарылады.

Тақтатас мұнайы мен әлемдік мұнай брендтерінің айырмашылықтары қандай?

Тақтатас мұнайы (сланецті мұнай) дәстүрлі мұнайға қарағанда өндіру тәсілі, құрамы және нарықтағы орны бойынша ерекшеленеді. Әлемдік нарықтағы негізгі мұнай брендтері – Brent, WTI және Dubai Crude, ал тақтатас мұнайы көбіне АҚШ-тағы Permian, Bakken және Eagle Ford бассейндерінен өндіріледі.

Еске салайық, бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда мұнай өндірісін ұлғаятынын айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы