Қазақстанда табиғи газдың ресурстық базасын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Газ саласын дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, компания жаңа газ кен орындарын ашуға мүмкіндік беретін бірнеше геологиялық барлау жобасын қатар жүзеге асырып жатыр.
«Қаратон Тұзасты» жобасында газ ағыны алынды
Негізгі жобалардың бірі – Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» учаскесі.
2025 жылы мұнда тереңдігі 5 750 метр болатын барлау ұңғымасы бұрғыланды. Алғашқы екі нысанды сынау нәтижесінде мамандар газ ағынын алған.
Қазір үшінші нысанды сынауға дайындық жүріп жатыр. Барлық зерттеу аяқталғаннан кейін кен орнының болжамды қоры бағаланады.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың соңына дейін аталған учаскеде тереңдігі 6 мың метр болатын екінші барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған.
Маңғыстауда жаңа ұңғыма бұрғыланады
Тағы бір перспективалы жоба – Маңғыстау облысындағы «Болашақ» учаскесі.
2026 жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін мұнда тереңдігі 3 500 метр болатын алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау басталады.
Жобаға қытайлық компаниялар қосылды
Асхат Хасеновтің айтуынша, «Жылыой» және «Березовский» жаңа жобалары бойынша қытайлық CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасалған.
«Жылыой» және «Березовский» жобалары бойынша ірі қытайлық серіктестер – CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттарға қол қойылды. Биыл күзде бұл учаскелерде сейсмобарлау жұмыстары басталады, – деді «ҚазМұнайГаз» басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды.