Оларға студенттерді қабылдау биыл басталады. Оқу орындарына қазақтың қос батырының есімдері берілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, "Жас ұлан" республикалық мектептерінің базасында екі жаңа әскери колледж құрылады. Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі, ал Қарағандыда Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледж ашылады.
Бұл оқу орындарына кадеттерді алғашқы қабылдау биылдан бастап жүзеге асырылады. Конкурс негізінде 9-сынып түлектері оқуға түсе алады.
Болашақ әскери қызметшілер даярланатын мамандықтар:
Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі (Алматы қаласы):
• Дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы;
• Барлау және десанттық-шабуыл бөлімшелерін басқару.
Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжі (Қарағанды қаласы):
• Зымыран әскері және артиллерия бөлімшелерін басқару;
• Киім-кешекпен қамтамасыз ету;
• Азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Әскери колледждерде оқудың артықшылықтары:
• Мемлекеттік стипендия;
• Әскери ант қабылдау және әскери билет алу;
• Оқу кезеңінде әскери қызметке арналған келісімшарт;
• Оқуды аяқтағаннан кейін 10 жыл әскери қызмет кепілдігі;
• Техникалық және кәсіптік білім туралы мемлекеттік үлгідегі диплом;
• "Кіші сержант" әскери атағы беріледі;
• ҰБТ тапсырмай-ақ әскери институттарға қысқартылған мерзімде оқуға түсу мүмкіндігі (конкурс негізінде).
Колледжді аяқтағаннан кейін түлектер:
• Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде;
• ҰҚК Шекара қызметінде;
• ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде;
• Мемлекеттік күзет қызметінде;
• Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін болады.