Қазақстанда жалғызбасты аналар мен әкелерге қандай көмек көрсетіледі

14 Желтоқсан 2023, 12:45
1794
Бөлісу:
Қазақстанда жалғызбасты аналар мен әкелерге қандай көмек көрсетіледі
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Депутаттар еліміздегі әйелдер мен жалғызбасты әкелерге бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдаған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет депутаттық сауалға жауап беріп, әкелер мен аналарға қандай әлеуметтік қолдау бар екенін айтып берді.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Қазақстандағы барлық әйел мен жалғызбасты әкелерге бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынған еді.

Сонымен қатар жұмыссыз жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшерін заңда бекітілген күнкөріс минимумына теңестіруді және жалғызбасты аналар және жалғызбасты әкелердің балаларына мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін кезекте басымдық беруді, мектептерде спорт секцияларына және шығармашылық үйрмелерге тегін қатысуын қамтамасыз етуді, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар жұмысының бағдарламасын қабылдап, грант негізінде білім алып, еңбекке араласуын қарастыратын бағдарлама қабылдауды сұраған болатын.

Жалғызбасты аналар мен әкелерге қандай көмек беріледі?

Дүйсенованың айтуынша, елімізде отбасыны қолдаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі қалыптасқан. Қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік отбасылық саясат еліміздің әлеуметтік бағытының құрамдас бөлігі және ол отбасының өмір сүру жағдайын жақсартуға және сапасын арттыруға бағытталған.

Вице-премьер атап өткендей, кез келген жанұяда баланы тек әкесі немесе тек анасы ғана тәрбиелеп өсіргеніне қарамастан, олар отбасы санатына жатады және қоғамның толыққанды мүшесі болып саналады. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды қажет ететін барлық санаттағы азаматқа, отбасыға тиісті көмек жан-жақты және жүйелі түрде көрсетіліп келеді.

Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек отбасына жеке тағайындалады және ол қосымша оқыту, мамандық игеруге жәрдемдесу, жұмысқа орналастыру, жалпы қоғамға бейімдеу сияқты мақсаттарды көздейді. Сондай-ақ мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған отбасыларға да тиісті жәрдемақылар қарастырылған. Осыған қоса, көп балалы отбасыларды қолдау, бала тууына байланысты мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету жалғасып жатыр, - деп айтты Тамара Дүйсенова.

Бұл жәрдемақылар кез келген жанұяның қандай да бір статусына, яғни ата-анасының екеуі де болуы немесе біреуінің болмауына қарамастан тағайындалады.

Қазіргі уақытта бұл төлемдердің жалпы көлемі 1,3 триллион теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 39%-ға артық.

Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тиісті мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес бюджеттің мүмкіндігіне қарай қосымша көмекті талап ететін отбасыларға әлеуметтік қолдауды жүйелі түрде көрсетіп келеді. Мысалы, қоғамдық көліктерде тегін немесе жеңілдікпен жүру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасылардағы балаларға мектепке қажет киімдер мен құралдар алып беру және т.б.

Балаларға қандай жағдай жасалған?

Балаларды мектепке дейінгі ұйымға қабылдау тәртібі Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында айқындалған. Қазіргі таңда ата-анасы әскери қызметші, арнаулы органдардың немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып саналатын отбасыларда өсіп жатқан балалардың мектепке дейінгі ұйымдардан кезектен тыс орын алуға құқығы бар, - делінген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында.

Сондай-ақ ата-анасы мүгедек, көп балалы, педагог немесе отбасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасындағы балалардың мектепке дейінгі ұйымнан бірінші кезекте орын алуға құқығы бар.

Қазіргі уақытта балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою жүйесін автоматтандыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жүйе барлық өңірде енгізіледі.

2021 жылдан бастап балалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін шығармашылық және спорт үйірмелерімен біртіндеп қамтамасыз етіліп жатыр. Мемлекеттің спорт және шығармашылық үйірмелерге тапсырысы іске қосылғаннан кейін оған 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді қамту үшін 2021 жылы жергілікті бюджеттен 20,1 млрд, 2022 жылы 83,6 млрд, ал биыл 560 мыңнан астам баланы қамтуға 86,7 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік тапсырыс барлық баланы спортпен және өнермен айналысуға тартуға бағытталған, - дейді Тамара Дүйсенова.

Жұмыспен қамту жөніндегі шаралар Әлеуметтік кодекс және 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылады. Оған жұмыссыз болып тіркелген азаматтардың, соның ішінде, жалғызбасты аналар мен әкелер тең дәрежеде қатысуға құқығы бар.

Бұған дейін елімізде бала туып, оны бағып отырған аналарға 5 түрлі жәрдемақы төленетінін жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы