Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша тиісті түрде жұмыс жүргізбегені үшін 18 шенеунік жазаланды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев BAQ.KZ-тің YouTube-арнасындағы Trend Talk подкастында айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, анықталатын заңсыз қоқыс орындарының саны біртіндеп азайып келеді. Егер 2018 жылы елде осындай 8 мыңға жуық объект тіркелсе, қазір олардың саны 3 мың төңірегінде.
«Жылдан-жылға азайып келеді. Біріншіден, бізде оларды анықтаудың жақсы мүмкіндіктері бар. Жерді қашықтықтан зондтаудың отандық спутниктері бүгінде заңсыз қоқыс орындарының орналасқан жерін координаттар бойынша дәл анықтауға мүмкіндік береді», – деді министр.
Спутниктен алынған координаттар жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Қоқыс орны жойылғаннан кейін әкімдіктер бұл туралы мәліметті министрлікке жібереді, ал мамандар ғарыштық мониторинг арқылы аумақты қайта тексереді.
«Бұл координаттарды біз әкімдіктерге береміз, ал әкімдіктер оларды жою бойынша шаралар қабылдайды. Жойылғаннан кейін бізге мәлімет береді, біз спутниктеріміз арқылы қайта қарап, нақты атқарылған жұмысты көреміз», – деп түсіндірді Ерлан Нысанбаев.
Оның мәліметінше, жыл сайын жергілікті органдар анықталған заңсыз қоқыс орындарының шамамен 90%-ын жояды. Мұндай жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмейтін өңірлер мен аудандарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылады.
«Биыл жартыжылдықта ғана 18 шенеунікті, соның ішінде аудан басшыларының 12 орынбасарын 4 миллион теңге сомасына жазаладық», – деді Экология министрлігінің басшысы.
Нысанбаев соңғы жылдары жаңа заңсыз қоқыс орындарының азайып келе жатқанын қоса айтты.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың толық сұхбатын BAQ.KZ YouTube-арнасындағы Trend Talk подкастынан көре аласыздар.