Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің оқу-жаттығуы аяқталды

5 Қазан 2024, 20:13
436
Бөлісу:
Қазақстанда ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің оқу-жаттығуы аяқталды
Фото: gov.kz

"Мызғымас бауырластық-2024" оқу-жаттығуы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің "Жағалау" оқу-жаттығу полигонында бүгін аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің іс-қимылын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Таалатбек Масадықов және ҰҚШҰ Біріккен штабының бастығы генерал-полковник Андрей Сердюков бақылады.

Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық ету шеңберінде біздің еліміздің басымдықтарының бірі ретінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күш-құралдарының жоғары әзірлікте болу қажеттігін атап өтті. Бітімгерлік әлеуетті дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Қорғаныс министрі өз сөзінде.

Ұжымдық бітімгерлік күштер берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бітімгерлік операциясына дайындығы және оны өткізу мәселелері пысықталды.

Оқу-жаттығу барысында ведомствоаралық және халықаралық өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін қорғаныс және басқа ведомстволар арасындағы іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуына БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында тікелей тәжірибесі бар және дайындықтан өткен нұсқаушылар тартылды. ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің бөлімшелері бақылау-өткізу пункттерінде, босқындарды қабылдау пункттерінде бітімгерлік міндеттерді бірлесіп шешті, жергілікті жерді патрульдеуді жүзеге асырды және гуманитарлық көмек көрсетті.

Оқу-жаттығудың салтанатты жабылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушылардың әрқайсысы өзінің далалық дағдылары мен кәсіби машығын арттырғанын, бейбітшілікті сақтау бойынша операция жүргізуде тәжірибе жинағанын, сондай-ақ көпұлтты күштердің іс-қимылдарын үйлестіруге дағдыланғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2024" командалық-штабтық оқу-жаттығуы Қазақстанда 1–5 қазан аралығында Қарулы Күштердің "Жағалау" оқу-жаттығу полигонында өткізілді. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары қатысты. Оқу-жаттығуға барлығы 2000-нан астам әскери қызметші, 500 бірлік бронды танк және автомобиль техникасы, Ми-17, Ми-35 тікұшақтары, Ил-76 және Си-295 ұшақтары, ұшқышсыз басқарылатын авиация тартылды.

Өзгелердің жаңалығы