- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстанда туберкулезді анықтаудың жаңа зертханалық әдістері енгізіліп жатыр
Қазақстанда туберкулезді анықтаудың жаңа зертханалық әдістері енгізіліп жатыр
Туберкулездің дәріге төзімділігін анықтайтын жаңа технологиялар өңірлік зертханаларға енгізілуде.
23 Қараша 2026, 16:09
Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау және оның дәріге төзімді түрлерін диагностикалау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы халықаралық ғылыми ұйымдармен бірлесіп, заманауи зертханалық технологияларды дамытып, оларды еліміздің өңірлеріне енгізуде. Бұл жұмыстар ауру қоздырғышын анықтап қана қоймай, оның қандай дәрілік препараттарға төзімді екенін анықтауға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) супраұлттық референс-зертханаларымен әріптестік аясында жүзеге асырылып отыр. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – туберкулез диагностикасының сапасын арттыру, зертханалардың кәсіби әлеуетін нығайту және зерттеу нәтижелерінің сенімділігін қамтамасыз ету.
Халықаралық серіктестік бірнеше кезеңнен тұрады. 2000-2024 жылдары Қазақстанның Ұлттық референс-зертханасы Германияның Гаутинг қаласындағы ДДСҰ-ның туберкулез жөніндегі супраұлттық референс-зертханасымен жұмыс істеді. Ал 2025 жылдан бастап бұл бағыттағы ынтымақтастық Борстель зерттеу орталығы – Лейбниц өкпе зерттеу орталығының микобактериялар жөніндегі ұлттық және ДДСҰ супраұлттық референс-орталығымен жалғасты.
Аталған әріптестік отандық мамандарға халықаралық тәжірибені игеруге, өңірлік зертханаларға әдістемелік қолдау көрсетуге және жүргізілетін зерттеулердің сапасын сыртқы бағалауға мүмкіндік берді.
Дәріге төзімділікті анықтайтын жаңа әдістер
Осы жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – туберкулез микобактерияларының бедаквилин, линезолид және клофазимин препараттарына сезімталдығын анықтау әдісінің енгізілуі.
Бұл дәрілер дәріге төзімді туберкулезді емдеу кезінде қолданылады. Сондықтан қоздырғыштың аталған препараттарға қаншалықты сезімтал екенін анықтау емдеу тәсілін дұрыс таңдауда ерекше маңызға ие.

Жаңа зертханалық әдіс алдымен Ұлттық референс-зертханада сынақтан өткізіліп, тиімділігі бағаланды. Кейін технология еліміздің өңірлік зертханаларына кезең-кезеңімен енгізіле бастады.
Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге қоздырғыштың дәрілік төзімділік ерекшеліктерін ескеріп, науқасқа тиімді емдеу схемасын таңдауға көмектеседі. Әсіресе, дәрілерді тек ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу курстарын тағайындау кезінде мұндай мәліметтердің маңызы зор.
Елімізде 149 GeneXpert аппараты жұмыс істейді
Қазақстанда туберкулезді жедел молекулалық диагностикалауға арналған GeneXpert платформасы да кеңінен қолданылады. Бұл технологияның көмегімен туберкулез қоздырғышын және оның рифампицин антибиотигіне төзімділігін анықтауға болады.
Қазіргі уақытта еліміздің медициналық ұйымдарында осындай 149 аппарат орнатылған. Оның ішінде 12 құрылғы қалалық емханаларда, біреуі қалалық ауруханада, 31-і аудандық емханаларда, 59-ы аудандық ауруханаларда және 46-сы фтизиопульмонология орталықтарында жұмыс істейді.
Жабдықтардың медициналық ұйымдар арасында осылайша бөлінуі молекулалық диагностикаға қолжетімділікті арттырады. Яғни тек мамандандырылған орталықтарда ғана емес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін мекемелер мен аудандық ауруханаларда да қажетті зерттеулер жүргізуге жағдай жасалған.
Сонымен қатар барлық аппарат жыл сайын калибрлеуден өткізіліп, зерттеу нәтижелерінің сапасы тұрақты бақылауда болады. Бұл диагностикалық жабдықтардың дәлдігін сақтауға және алынған мәліметтердің сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өңірлік зертханалар халықаралық сапа бағалауына қатысады
Туберкулез диагностикасындағы маңызды талаптардың бірі – зертханалық зерттеулердің сапасын біріздендіру. Осы мақсатта фтизиопульмонология орталықтарының еліміздегі барлық 19 өңірлік зертханасы ұлттық аккредиттеуден өткен.
Бұдан бөлек, олар Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының Ұлттық референс-зертханасымен бірге Борстель зерттеу орталығының супраұлттық референс-зертханасы ұйымдастыратын зерттеулер сапасын сыртқы бағалау бағдарламасына қатысады. Бағдарламаға Қазақстан бойынша барлығы 20 зертхана қамтылған.
Мұндай бағалау зертханалардың жұмыс сапасын халықаралық талаптармен салыстыруға, ықтимал кемшіліктерді анықтауға және диагностикалық нәтижелердің дұрыстығын бақылауға мүмкіндік береді.
Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де енгізілген. Оның көмегімен туберкулез қоздырғышының генетикалық құрылымы зерттеліп, дәрілік төзімділікпен байланысты мутациялар анықталады. Бұл технология ауру қоздырғышының ерекшеліктерін тереңірек зерделеуге және дәріге төзімділікті зерттеудің қосымша мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады.
Осылайша, Қазақстанда туберкулезді диагностикалау жүйесі жедел молекулалық зерттеулерден бастап, генетикалық талдау мен халықаралық сапа бақылауына дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының жұмысы өңірлерде бірыңғай диагностикалық тәсілдерді қалыптастыруға, зертханалық нәтижелердің сенімділігін арттыруға және дәрігерлердің емдеу туралы шешімді нақты деректер негізінде қабылдауына жағдай жасауға бағытталған.
Ең оқылған:
- Индонезияда кондитерлік фабрика өртеніп, 36 жұмысшы із-түзсіз жоғалып кетті
- ЕО ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерге пластикалық қалдық экспорттауға тыйым салды
- Трамп АҚШ банкрот болуы мүмкін екенін ескертті
- Мемлекет басшысы Ливан президентіне құттықтады
- Иран АҚШ-тың әрекеттеріне жауап ретінде екі америкалық әскери базаға соққы жасалғанын мәлімдеді
Мақпал ОРЫНБЕК