Елімізде тері өңдеу саласында сұраныс жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сенатта өткен үкімет сағатында мәлімдеді.
Айтуынша, елде тері өңдеу саласында 9 кәсіпорын жұмыс істейді.
2022 жылы ірі қара мал терісінің өндірісі 3,4 млн дананы құрады. Оның шамамен 14%-ы, яғни 462 мың данасы өңделді. 5,2%-ы немесе 179,5 мың данасы экспортталды. Ал 81%-ы, бұл дегеніміз 2,8 млн данасы – өңделмеген қалдық. Ұсақ мал терісі бойынша 7,9 млн дана өндірілді. Сұраныстың болмауына байланысты ұсақ малдың терісін өңдеу және экспорттау іске асырылған жоқ. Былғары шикізатының экспортын тежеуші фактор 1 тонна үшін 200 еуро экспорттық баж болды. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол бұл саладағы мәселені қалай шешуге болатынына тоқталды
Шикізат өңдеудің дамымау себебінің бірі оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілген сапасының төмендігі, және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да талаптарына сәйкес келмеуі (кесілген, зиянкестер бүлдірген). Бұл мәселенің шешімі терінің сапасы маңызды болмайтын өндірістерді дамыту, мысалы желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру, - деді министр.