Техникалық байқаудың жаңартылған ережелеріне сәйкес электронды диагностикалық карталар енгізіліп, операторларға бақылау күшейтіледі және көлікті тексермей-ақ техникалық байқаудан өткізудің жолы автоматты түрде кесіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бақылау күшейтіледі
Өзгерістер ҚР Көлік министрінің 2026 жылғы 16 наурыздағы №58 бұйрығымен бекітілген. Жаңа талаптарға сәйкес цифрлық диагностикалық карта енгізіледі. Онда автокөлік туралы мәліметтер мен стационарлық және жылжымалы техникалық байқау пункттерінде жүргізілген тексеру нәтижелері сақталады.
Сонымен қатар көлік құралының санаты мен түріне қарай диагностика жүргізудің нормативтік уақыты белгіленеді. Ол 15 минуттан 30 минутқа дейін созылады.
Техникалық байқау орталықтарының бағдарламалық жасақтамасы да талаптарға сәйкестігі бойынша тұрақты түрде, кемінде жарты жылда бір рет тексеріледі.
Басты жаңашылдықтардың бірі – бірыңғай ақпараттық жүйе автокөлік техникалық байқау станциясына іс жүзінде келмей-ақ тексеруден өтті деп рәсімдеу әрекеттерін автоматты түрде анықтай алады.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда станцияның бірыңғай ақпараттық жүйеге кіру мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Атап айтқанда, оператор:
- ақпараттық жүйеге қажетті мәліметтерді бермесе;
- орталықтың орналасқан жерінің өзгергені туралы хабарламаса немесе кеш хабарласа;
- ақпараттық стендте техникалық байқау өткізу кестесін орналастырмаса;
- диагностикалық картаны бекітілген үлгіге сәйкес рәсімдемесе.
- Заң бұзушылықтар жойылғаннан кейін бірыңғай ақпараттық жүйеге кіру мүмкіндігі қайта беріледі.
Жаңа техникалық байқау орталықтарына да талап күшейеді
Өзгерістер техникалық байқау пункттерін ашуға қойылатын талаптарды да қамтиды. Орталық иелері бірыңғай ақпараттық жүйе операторына жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін растайтын құжаттарды, аумақ пен ғимараттың мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ пайдаланылатын жабдықтардың идентификаторларын ұсынуға тиіс.
Бұл жалған техникалық байқаулардың санын азайтып, станциялардың берген диагностикалық карталары үшін жауапкершілігін арттыруға тиіс.