Қазақстанда тәуелділікке шалдыққан азаматтар тегін медициналық көмек ала алады. Бұл туралы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының өкілі Дәулет Байпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тәуелділікке шалдыққан адамдарға кешенді көмек көрсетеді. Емдеудің негізгі бөлігі – психотерапия, ал қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу де қолданылады. Лудоманияға қатысты арнайы клиникалық хаттама әзірленген.
Еліміздің 26 өңірінде психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді. Көмекке жүгінген кез келген азамат тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем ала алады.
Алайда мамандардың айтуынша, басты мәселелердің бірі – азаматтардың есепке тұрудан қорқуы. Себебі есепке алынған жағдайда кейін жұмысқа орналасу, жүргізуші куәлігін алу немесе қару ұстауға рұқсат алу кезінде шектеулер болуы мүмкін.
Сонымен қатар сарапшы бұл шектеулердің негізді екенін атап өтті.
Біз алкоголь немесе есірткіге тәуелді адамға жүргізуші куәлігін немесе қару ұстауға рұқсат беруге жол бере алмаймыз. Бұл – қауіпсіздік мәселесі, – деді ол.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау жүйесі мен құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасу жүзеге асырылады.
Маман тағы бір өзекті мәселе – жаңа синтетикалық психоактивті заттарды анықтау екенін атап өтті. Оның айтуынша, қандай затпен улану немесе тәуелділік бар екенін нақты анықтамай, тиімді ем жүргізу қиын.
Бұл бағытта сот сараптамасы орталықтарын заманауи құралдармен, атап айтқанда хроматографтармен жабдықтау жоспарланған. Алайда мұндай құрылғылардың құны шамамен 500 миллион теңге болғандықтан, жоба толық іске аспаған.
Сондай-ақ жыл сайын Қазақстанда шамамен 500 мың медициналық куәландыру жүргізіледі. Бұл процедуралар көбіне құқық қорғау органдарына қажет.
Сарапшы медициналық куәландыруды Денсаулық сақтау жүйесінен шығарып, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі құзыретіне беруді ұсынды. Оның пікірінше, бұл шешім медициналық қызметкерлердің жүктемесін азайтып, процестерді құқықтық тұрғыда тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Сөз соңында маман аталған салада жүйелі өзгерістер қажет екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін лудоманияға шалдыққан бақташы бір жарым айда 90 қойды сатып жібергені хабарланды.
Сондай-ақ, Қазақстанда 1,8 млн адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Лудоман-бухгалтер 100 миллионнан астам қаржыны бәс тігуге және жаңа көлікке жұмсаған
Қазақстан халқының 30%-ға жуығы құмар ойындарға қатысқан
Лудоманиямен күрес: Министрлік кешенді шараларды күшейтті