Мәжіліс депутаты Болат Керімбек палатаның жалпы отырысында арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заң жобаларын таныстырды.
Депутаттың айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Оның сөзінше, заң жобаларының негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Сонымен қатар, құжаттар мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты құрылымдардың тиімділігін арттыруға және құқық қолдану тәжірибесінде анықталған олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, заң жобасы 3 кодекске және 11 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Депутат бүгінгі таңда интернет-қылмысқа қарсы күресті күшейту мәселесіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың жеке деректері мен қаржылық қауіпсіздігін қорғау – аса өзекті.
Бүгінгі таңда қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда интернет-қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу жұмысы өте маңызды. Әр адамның жеке дерегінің, қаржысы мен күнделікті цифрлық өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе, – деді Болат Керімбек.
Сондай-ақ заң жобасында IT саласындағы білікті кадрларды тарту мәселесі де қарастырылған.
Ал бұл қызметті тиімді атқару заманауи цифрлық құзырет пен аналитикалық дағдылары бар жоғары білікті кадрларсыз мүмкін емес. Сондықтан заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады, – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе IT-мамандарды тартуда икемді тәсілдерді қолдану мемлекеттік институттардың инновацияларды жедел енгізуіне және цифрлық дамудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс екі заң жобасын жұмысқа алды.