Қазақстанда Starlink спутниктері арқылы байланыс қашан іске қосылатыны белгілі болды

Direct-to-Cell технологиясы базалық станциялар мен жерүсті инфрақұрылымы жоқ аумақтарда желіге қосылуға мүмкіндік береді.

21 Шілде 2026, 15:43
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 21 Шілде 2026, 15:43
21 Шілде 2026, 15:43
427
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда қарапайым ұялы телефондарды спутниктік байланысқа қосуға мүмкіндік беретін Direct-to-Cell технологиясының алғашқы іске қосылуы 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр. Жоба Beeline және Starlink компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа жобалардың бірі – Direct-to-Cell. Ол Beeline және Starlink компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы іске қосуларды қыркүйек айында күтіп отырмыз, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл технология базалық станциялар, талшықты-оптикалық байланыс желілері және кәдімгі ұялы байланыс жоқ жерлерде де абоненттердің байланыста болуына мүмкіндік береді.

Егер базалық станциялар, оптикалық желілер, тіпті ұялы байланыс болмаса да, абонент спутник арқылы желіге қосыла алады. Байланыс жылдамдығы жоғары болмайды, бірақ хабарласуға мүмкіндік туады, – деп түсіндірді Досжан Мұсалиев.

Ең алдымен жаңа технология саяхатшылардың, жүргізушілердің және шалғай елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Төтенше жағдайда адамдар жақындарымен байланысып немесе көмекке жүгіне алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда OneWeb пен Starlink спутниктік операторлары, сондай-ақ отандық KazSat жүйесі жұмыс істейді. Тамыз айының соңына дейін қажетті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданғаннан кейін операторлар пилоттық режимнен лицензиялау кезеңіне өте алады.

Қыркүйек айынан бастап олар лицензиялау рәсіміне көшеді. Осыдан кейін көрсетілетін қызметтерді толыққанды пайдалануға мүмкіндік туады, – деді вице-министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұялы байланыс күшейткіштерін өз бетінше орнатуға тыйым салынады. Шектеу сертификатталмаған репитерлердің ұялы байланыс желілеріне келтіретін кедергілеріне байланысты енгізіледі.

Наверх