Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Starlink және OneWeb спутниктік операторлары Қазақстанда қызмет көрсетуге ресми лицензия алды. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл компаниялар Қазақстанда 2025 жылдан бері жұмыс істеп келген. Енді тиісті лицензия алып, ел аумағында ресми түрде қызмет көрсетеді.
Бүгін біз Starlink және OneWeb компанияларына лицензия бердік. Бұл – спутниктік операторлар. Олар 2025 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келеді. Енді лицензия алып, бүгіннен бастап елімізде ресми түрде қызмет көрсете бастады, – деді Дамир Сейсембеков.
Digital Bridge биыл жаңа форматта өтіп жатыр
Комитет төрағасының айтуынша, бұған дейін жыл сайын ұйымдастырылып келген Digital Bridge форумы биыл AI & Digital Bridge атауымен жаңа форматта өтіп жатыр. Бұған Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы негіз болған.
Биылғы форумның негізгі мақсаты – жасанды интеллект саласындағы жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді таныстыру, сондай-ақ отандық және шетелдік компаниялардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Биыл форумның атауын AI деп өзгертуіміздің өзіндік себебі бар. Биыл жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселелеріне ерекше басымдық беріліп отыр. Форумда Қазақстанның және шетелдің IT, телекоммуникация саласындағы жетекші компаниялары өздерінің жасанды интеллект негізіндегі шешімдері мен әзірлемелерін таныстырып жатыр, – деді Дамир Сейсембеков.
Оның сөзінше, Қазақстанда да жасанды интеллект саласында табысты жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, елдегі бірқатар IT-компания шетелдік инвестиция тартып, халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік алған. Солардың қатарында бейнебақылау мен бейнежазбаларды жасанды интеллект көмегімен талдайтын Higgsfield компаниясы бар.
Комитет төрағасы Қазақстанда осындай нәтижеге қол жеткізген оннан астам компания бар екенін атап өтті. Форумның тағы бір мақсаты – стартаптардың дамуына жағдай жасап, олардың халықаралық деңгейге шығуына қолдау көрсету.
Форум аясында 30-дан астам құжатқа қол қойылды
Дамир Сейсембековтің айтуынша, форум аясында отандық телекоммуникация және IT компаниялары өздерінің жобаларын таныстырып қана қоймай, шетелдік инвесторлармен де байланыс орнатуда.
Атап айтқанда, «Қазақтелеком» компаниясының экспозициясында деректерді өңдеу орталығына арналған цифрлық шешімдер ұсынылған. Бұл жобаларға шетелдік мамандар мен инвесторлар да қызығушылық танытып отыр.
Бүгінгі таңда форум аясында 30-дан астам құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында меморандумдар мен келісімдер бар. Барлығы елімізге инвестиция тартуға, цифрлық даму мен жасанды интеллект жобаларын іске асыруға бағытталған, – деді комитет төрағасы.
Ол сондай-ақ Қазақстанда деректерді өңдеу орталығын салу жұмыстары жүріп жатқанын атап өтті. Бұл нысанның өңірдегі ірі орталықтардың біріне айналуы жоспарланып отыр.
GSMA халықаралық форумын 2027 жылдан бастап Астанада өткізу жоспарланған
Форум аясында халықаралық GSMA қауымдастығымен де келісім жасалған. Бұл ұйым ұялы байланыс операторлары мен телекоммуникациялық жабдық өндірушілерінің басын қосады.
Дамир Сейсембековтің мәлімдеуінше, қол жеткізілген келісімге сәйкес, 2027 жылдан бастап GSMA өз форумдарының бірін Астанада өткізуді жоспарлап отыр. Бұл Қазақстанның халықаралық телекоммуникация саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Комитет төрағасы форумның маңызын тек технологияларды таныстырумен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай халықаралық алаңдар отандық компаниялардың дамуына, инвестиция тартуға және Қазақстанның цифрлық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.