Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда спорт ардагерлеріне қолдау күшейеді: министрлік жүйелі жұмыс бастады

12 Шілде 2025, 03:34
784
Бөлісу:
 ҚР Туризм және спорт министрлігі
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

Қазақстанда спорт саласының ардагерлерін қолдау бойынша кешенді шаралар қолға алынды. Туризм және спорт министрлігі бұл бағыттағы жұмысты жаңадан құрылған "Қазақстан спорт ардагерлері одағы" республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірлестік биыл ақпан айында құрылып, дене шынықтыру мен спорт саласындағы ардагерлерге көмек көрсетуге және жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған. Құрылтайшылар құрамында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және білім беру мекемелері бар.

Министр Ербол Мырзабосыновтың тапсырмасымен республика бойынша спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімі жасақталып жатыр. Бұл қадам олардың әлеуметтік жағдайын бағалап, нақты қолдау шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта әкімдіктермен, федерациялармен және уәкілетті органдармен бірлескен кешенді қолдау тетіктері әзірленбек. Бұл – медициналық көмек, жұмыспен қамту және бұқаралық спортты дамыту бағыттарын қамтиды.

Сонымен қатар министрлік жанынан өңірлік спорт басқармаларының басшыларын іріктеу жөніндегі арнайы комиссия құрылған. Комиссия құрамында сала мамандары мен Олимпиада чемпиондары бар. Қазіргі уақытта Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев және Ұлан Рысқұл сынды танымал спортшылар өңірлік спорт басқармаларын басқаруға ұсынылды.

Сондай-ақ атақты спортшыларды спорт федерацияларының жұмысына тарту тәжірибесі де жалғасуда. Жеңіл атлетика федерациясын – Ольга Рыпакова, ал Су спорт түрлері федерациясында бас хатшы қызметін Дмитрий Баландин атқарып келеді.

Министрлік бұл бастамалар арқылы спорт саласындағы сабақтастықты сақтап, ардагерлердің тәжірибесін жастар тәрбиесіне бағыттауды көздеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы