Мәжіліс осы мәселеге қатысты заңды екінші оқылымда қарады. Депутат Ермұрат Бәпи резервтік күштер құруға мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу әскерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындаған.
Заңнамалық актілерге енгізу үшін әзірленген түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтыруға және жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштер құруға мүмкіндік береді. Әскери қызметтің бұл түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы күштердің санын көбейтпей, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың белгілі бір мөлшерін дайындауға мүмкіндік береді, - деді Ермұрат Бәпи.
Депутаттың сөзінше, заң жобасының негізгі новелласының бірі- әскери қызметтің жаңа түрін енгізу болып отыр.
"Резервтегі әскери қызмет" және әскери қызметшінің жаңа санаты – "резервте әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші", басқа сөзбен айтқанда, "резервтегі әскери адам", - деп түсіндірді ол.
Депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтады.
Осы нормаларды ретке келтіру, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заң мәтінінің жазылу қисыны мақсатында, депутаттар әскерге шақыру бойынша және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсас резервтегі әскери қызметті өткеру ерекшеліктерін көздейтін нормаларды жеке тарау ретінде жүйелендірді.