Қазақстанда реттелетін қорлардың саны үш есе артты

Қазақстанда реттелетін қорлардың саны үш есе артты

Қорларды басқару – Қазақстанның қаржы нарығының даму үшін стратегиялық маңызды сегменттерінің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары инвестициялық қорлар саласы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) белсенді дамуда. 2024 жылдың соңында Қазақстанда реттелетін қорлардың басқаруындағы активтердің (AUM) жалпы көлемі $1,6 млрд құрады. Бұл көлемнің жартысы АХҚО-ға тиесілі.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы қорлар нарығы қандай күйде, АХҚО-да қандай инвестициялық қорларды ашуға болады және бұл нарық әлі қандай белестерді бағындыра алады – осы жөнінде АХҚО-ның қатысушыларды қолдау және тарту жөніндегі директоры Жанна Диярова, сондай-ақ инвестициялық компаниялардың басшылары айтып берді.

Қазақстандағы қор нарығы қалай реттеледі

Қорларға инвестициялау – дәстүрлі қаржы құралдарына балама саналады. Жекелеген компаниялардың акцияларын дербес сатып алудың орнына, инвесторлар өз қаражаттарын лицензиясы бар кәсіпқой ұйым басқаратын қорға сала алады. Бұл кәсіпқой ұйым капиталды басқаруға, тәуекелдерге және портфельді әртараптандыруға жауапты.

Қазақстандағы инвестициялық қорларды екі негізгі ұйым реттейді:

  1. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) – бұл ұлттық реттеу.
  2. АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – АХҚО юрисдикциясында ашылған қорлар үшін.

Бұдан басқа, ұлттық экономиканы тұрақтандыруға, болашақ ұрпақ үшін жинақтарды жинақтауға және көбейту үшін құрылған ҚР Ұлттық қоры (ҚРҰБ) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) сияқты мемлекеттік қорлар жеке санатқа жатады.

Қазақстанда реттелетін қорлардың саны үш есе артты

ҚНРДА және AFSA қадағалауымен жұмыс істейтін қорлар ұқсас қағидаттармен жұмыс істейді, бірақ қорларды тіркеудің заңды нысандары, қорлардың түрлері мен мандаттары, рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі және басқарушы компаниялардың капиталына қойылатын талаптар бөлігінде кейбір айырмашылықтары бар. Бұл ерекшеліктер қорлардың жұмыс стратегиясын және олардың нарықтағы икемділік дәрежесін анықтайды.

Қазақстандағы реттелетін қорлардың басқаруындағы активтердің (AUM) жалпы көлемі $1,6 млрд құрады, бұл елдің ЖІӨ-нің шамамен 0,5%-на тең (2024 жылдың соңында). АХҚО-дағы реттелетін қорлардың басқаруындағы активтер (AUM) көлемі $0,8 млрд. көрсеткішпен нарықтың жартысын иеленіп отыр.

Қазақстандағы барлық реттелетін қорлардың басқаруындағы активтердің жалпы көлемінің ең үлкен үлесі – 60%-дан астамын тікелей инвестициялар қорлары мен хедж-қорлар құрайды.

 

АХҚО-да қандай қорларды ашуға болады?

Инвесторлардың жіктелуіне байланысты АХҚО-да:

1. Пайлары АХҚО-да ұсынылатын ұжымдық инвестициялар құрылымы – Non-exempt қор;

2. Non-exempt қорларымен салыстырғанда аса қатаң емес реттелетін Exempt қорды ашуға болады. Ол тек кәсіби клиенттерге қолжетімді.

Қордың мақсаттарына қарай АХҚО-да тікелей инвестициялар қорларын, венчурлық капитал қорларын, жылжымайтын мүлік қорларын (REIT), исламдық инвестициялық қорларды, ESG-қорларды, мамандандырылған қорларды (шикізаттық, кредиттік, криптовалюталық, облигациялық қорлар, Umbrella-қорлар) ашуға болады.

2024 жылы АХҚО реттеушісі – AFSA кредит қорларын, цифрлық активтер қорларын, биржалық қорларды, ақша нарығы қорларын, инвестициялық токендерге және білікті инвестициялық токендерге инвестициялайтын қорларды қосу арқылы мамандандырылған қорлар тізімін кеңейтті. Жеке капитал қорлары, венчурлық капитал қорлары және жылжымайтын мүлік қорлары ең көп сұранысқа ие болды.

Жалпы, қорларға жеке және заңды тұлғалар инвестиция сала алады. Қорлардың белгілі бір санаттары білікті кәсіби инвесторларға, ал басқалары кәсіпқой ұйымға да, бөлшек инвесторларға да арналған. Бұл ретте инвестордың әрбір түріне қойылатын белгілі бір талаптар бар екенін есте ұстаған жөн, – деді АХҚО-ның қатысушыларды қолдау және тарту жөніндегі директоры Жанна Диярова.

Қазақстанда реттелетін қорлардың жалпы саны 2020 жылдан бері үш есеге артып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 175-ке жетті. Мұндай өсім АХҚО юрисдикциясында жаңа қорлардың тіркелуімен байланысты. Сәтті тіркелудің бір мысалы ретінде $250 млн. астам активі бар Zubr Capital халықаралық тікелей инвестициялар қорын атауға болады. Компанияның негізін қалаушы Олег Хусаенов басқа юрисдикциялармен салыстырғанда Қазақстанның артықшылықтарын атап өтті. Атап айтқанда, бұл АХҚО-ның ашық әрі түсінікті заңнамасы, қорлардың жұмысы үшін қажетті лицензияларды алу мүмкіндігі, салықтық жеңілдіктер, финтех пен IT-бағыттардың белсенді дамуы.

Қазақстанда реттелетін қорлардың саны үш есе артты

Олег Хусаенов Қазақстандағы инвестициялық климаттың тұрақтылығына ерекше назар аударды: «Бизнесті жоспарлау тек заңдар тұрақты және болжамды түрде жұмыс істейтін жағдайда ғана мүмкін болады. Сонымен қатар, инвесторлар салық жеңілдіктері бар юрисдикциялардағы жобалар мен қорларды таңдайды. Себебі салықтар компания тіркелген жерде төленеді. Сондықтан Қазақстандағы инвесторларды үрейлендірмеу үшін салықтық және заңнамалық базаның болжамдылығы мен сақталуы маңызды».

Саясаттың болжамдылығының, салықтық ахуалдың, заңның үстемдігінің және бизнесті дамыту үшін тең мүмкіндіктердің маңыздылығы EY компаниясының Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы туралы соңғы жылдық есебінде де (ақпан 2025) атап өтілді. Зерттеуде баяндалғандай, салық заңнамасындағы өзгерістерге орай инвесторлар тарапынан Қазақстанда бизнес жүргізу шарттарының тұрақтылығы мен болжамдылығына қатысты алаңдаушылық туындауда. Тұрақты саяси ахуал инвесторларға өз жобаларын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді, бұл әсіресе ауқымды және капиталды молынан қажет ететін инвестициялар үшін өте маңызды.

2024 жылы АХҚО-да Қазақстан үшін айтарлықтай жаңа қор түрі – umbrella қоры (AGS Inception Umbrella Fund) тіркелді. Бұл – әртүрлі инвестициялық стратегиялары бар бірнеше қосалқы қорлар бір «қолшатыр» немесе бір заңды тұлға астында біріктірілетін құрылым.

Біз қорымызды АХҚО-да тіркедік, себебі бұл қордың осы түрін құру және басқару үшін ыңғайлы алаң. Қаржы орталығы ағылшын құқығы мен шетелдік юрисдикциялардың тәжірибесіне негізделген құқықтық базаны, сондай-ақ мұндай қорларға қолданылатын салық жеңілдіктерін ұсынады, – деп түсіндірді ABYLAI Global Solutions бас директоры Ольга Терехова.

Неліктен Қазақстан халықаралық қорлар үшін қызықты

Инвесткомпаниялардың басшылары атап өткендей, Қазақстан дамыған адами капиталы, технологиялық секторының өсуі, стартаптар үшін экожүйе құрып, Astana Hub және АХҚО арқасында халықаралық қорлардың тартылыс орталығына айналып отыр.

Zubr Capital негізін қалаушы Олег Хусаеновтың айтуынша, АХҚО қорларды ашу және мәмілелерді құрылымдау үшін қажетті инфрақұрылымды ұсынады, ал Astana Hub стартаптар үшін «ұстахана» рөлін атқарады. Инвестициялау үшін ең перспективалы бағыттардың қатарында директор EdTech, E-commerce, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект салаларын атап өтті.

Қазақстанда реттелетін қорлардың саны үш есе артты

Бүгінде біз жеке инвесторлардың да, заңды тұлғалардың да қаржылық сауаттылығының артқанын байқап отырмыз. Бұл баламалы инвестициялық шешімдерге сұраныстың артуына алып келуде. Сондықтан көптеген басқарушы компаниялар АХҚО юрисдикциясын таңдайды – мұнда қорлардың алуан түрлерін ашуға және инвесторларға жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсынуға мүмкіндік беретін икемді реттеуші орта құрылған. Сонымен қатар, қорлар үшін нарыққа кіру шегі төмендеді, – деп түсіндірді ATLAS Capital инвестициялық директоры Асқар Ахмедов.

Сынақтар мен өсу көкжиегі

Оң трендтерге қарамастан, Қазақстандағы активтерді басқару нарығы бірқатар сын-тегеуріндерге тап болуда.

Асқар Ахмедов қазақстандық нарық жетілуі жағынан әлі де халықаралық стандарттардан төмен деп есептейді: «Мәселен, шетелде қаржылық консультанттар маңызды рөл атқарады. Канада сияқты қор нарығы дамыған елдерде инвестициялық қорларға қол жеткізу инвесторларға оңтайлы нұсқаны таңдауға көмектесетін лицензиясы бар қаржылық консультанттар арқылы ғана мүмкін болады. Қазақстанда қаржылық консультация индустриясы әлі де даму барысында, бұл халықтың тұтастай asset management нарығына сенімін арттырар еді».

Zubr Capital негізін қалаушысы Қазақстан әлі жаһандық картада өзінің қатысымын жеткілікті дәрежеде бекіткен жоқ деп санайды. Сондай-ақ спикер дамудың кейінгі кезеңдерінде стартаптарды қаржыландыруға арналған ірі қорлардың жетіспеушілігін атап өтті. Елде дамудың бастапқы кезеңіндегі жобаларды қолдауға баса назар аударылады. Бұл ірі инвестиция тартуға ұмтылатын бизнес үшін үлкен қиындықтар туғызады.

Нарықта қорлардың жаңа түрлерінің пайда болуы қаржылық сауаттылық деңгейінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай қорлар пайдалы қазбаларды өндіру сияқты дәстүрлі секторларға тәуелділікті азайта отырып, экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді, – деп атап өтті ABYLAI Global Solutions бас директоры Ольга Терехова.

Инвестқорлардың басшылары халықаралық нарықтармен одан әрі интеграциялану және шетелдік инвесторларды тарту Қазақстанға Орталық Азиядағы қаржы орталығы позициясын нығайтуға көмектесетініне сенімді.

 

Бөлісу: