Қазақстандық ғалымдар жаздық арпаның «Батырхан» атты жаңа сортын шығарды. Шаруашылыққа пайдалылығын бағалау нәтижесінде сорт оң қорытынды алып, мемлекеттік сорт сынағына жіберілді. Сондай-ақ селекциялық жетістікке патент алу үшін өтінім берілді.
Жаңа сорт Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өндірісіне тән табиғи жағдайлар ескеріле отырып шығарылған. «Батырхан» жоғары әрі тұрақты өнімділігімен, ірі дәнімен, жатып қалуға және бірқатар ауруға төзімділігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар құрғақшылық пен топырақтың тұздануына жақсы бейімделген.
«Батырхан» жаздық сортқа жатады. Оның вегетациялық кезеңі 75–85 күнді құрайды. Сорттың 1000 дәнінің салмағы жоғары әрі масақтағы дән саны көп.
Ауруларға төзімділігі жағынан «Батырхан» тозаңды және қатты қаракүйеге төзімді, сондай-ақ фузариозды тамыр шірігіне аз шалдығады.
Сорттың тағы бір ерекшелігі – «түптену – түтікке шығу» кезеңінің ұзақтығы кемінде 20 күнге созылады. Бұл кезеңнің ұзағырақ болуы қуатты вегетативті массаның қалыптасуына және толыққанды дәні бар өнімді масақтың жетілуіне ықпал етеді.
«Батырхан» 58/83-77 × 2/07-4К гибридті популяциясынан жеке сұрыптау әдісі арқылы алынған.
Жаңа сорт Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты ғалымдарының бірлескен ғылыми жұмысының нәтижесінде шығарылды.
Сортты мемлекеттік сорт сынағына жіберу – оны тәжірибеде қолдануға енгізудің келесі кезеңі. Сынақ барысында «Батырханның» шаруашылық құндылығы бағаланып, оны Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінде одан әрі пайдалану мүмкіндіктері анықталады.
Селекциялық жетістікке патент алуға өтінім беру – отандық селекция нәтижелерін зияткерлік меншік нысаны ретінде құқықтық қорғаудың маңызды кезеңдерінің бірі.