Қазақстан Үкіметі өнеркәсіп, көлік, энергетика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарын экономиканың жаңа өсім нүктелері ретінде дамытуды жалғастырады. Бұл туралы Мәжілістегі өткен жалпы отырыста Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ел экономикасын әртараптандыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар қазірдің өзінде іске қосылып, жаңа бастамалар қолға алынып жатыр.
Қаржы министрінің мәліметінше, Қостанай облысында KIA автозаводы, ал Алматы қаласында «Астана Моторс» мультибренд зауыты іске қосылған.
Соның нәтижесінде Қазақстанда жыл сайын 160 мыңға дейін автокөлік шығару мүмкіндігі қалыптасқан. Бұл автомобиль жасау саласының өндірістік әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Цифрландыру және жасанды интеллект саласында Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, - деді министр жалпы отырыста.
Сонымен қатар еліміздегі 20 жоғары оқу орнының базасында жасанды интеллект мамандарын даярлау басталды.
Ал «Болашақ» бағдарламасы аясында осы бағытқа арнайы квота енгізілген.
Министрдің айтуынша, технологиялық экожүйенің басты орталықтарының бірі болып саналатын Astana Hub дамуын жалғастыруда. Қазіргі уақытта мұнда 2200-ден астам IT-компания тіркелген. Оның ішінде 500-ден астамы шетелдік компаниялар.
Энергетика және коммуналдық секторда «Инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба» іске асырыла бастады. Жоба аясында 11 мың шақырым электр желісі, 208 шақырым жылу желісі, 308 шақырым су құбыры, 152 шақырым кәріз жүйесі жөнделмек. Сондай-ақ Көкшетауда жаңа жылу-энергетика орталығының құрылысы басталды. Ал Семей мен Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салуға қатысты мердігерлер мен қаржыландыру көздері анықталған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында жалпы қуаты 510 мың тоннадан асатын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Ал 2029 жылға дейін өңірлерде жалпы қуаты 5,8 млн тонна болатын алты ірі инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 4 млрд АҚШ долларын құрайды, - деп айтты Тәкиев.
Көлік-логистика саласында елдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» теміржолы мен Алматы қаласының айналма теміржол желісінің құрылысы аяқталған. Сонымен бірге «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» теміржол желілерінің құрылысы жалғасып жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда алғаш рет карбамид зауыты салынады: Жоба құны 800 млрд теңгеден асады