Қазақстанда қосымша құн салығы 16%-ға дейін көтеріледі

27 Қазан 2023, 11:58
888
Бөлісу:
Қазақстанда қосымша құн салығы 16%-ға дейін көтеріледі
Фото: pixabay.com

ҚҚС базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру ұсынылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенатта өткен Салық кодексіне арналған Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түсінікті және болжамды салық саясатын қалыптастыру үшін Салық саясатының тұжырымдамасында 2030 жылға дейінгі барлық жаңа тәсіл мен жоспарланған өзгерісті көрсету ұсынылады.. Өтпелі ережелер мен уақыт нормаларын қамтитын жеке Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы Заңның болуы заң техникасы бойынша көптеген сұрақ туғызды. Сондықтан мұндай жеке заң керек емес деп есептейміз, - деді министр.

Сөзінше, даулы мәселелерді бірыңғай түсіндіру үшін ҰЭМ жанындағы Әдістемелік кеңестің рөлін күшейту ұсынылады.

ҚҚС базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру ұсынылады. Мөлшерлеменің өсуі - бұл бюджетке 2-2,4 трлн теңге мөлшерінде қосымша түсімдер. Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттер көлемімен бірдей. Қосымша кірістер бізге осы трансферттердің мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеміз. Бұл өте маңызды міндет. Біз болашақ ұрпақ үшін Ұлттық қорды сақтауымыз керек, - деп айтты Қуантыров.

Сондай-ақ негізгі экономикалық әріптестермен салыстырғанда ҚҚС төмен мөлшерлемесі осы елдерден Қазақстанға тауарлардың экспортын тиімді етеді. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі, ең алдымен, импорттық тауарларға жүктемені арттырады.

Өзгелердің жаңалығы