Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолжетімді тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған жаңа жоба іске қосылады. Үш жылдық бастама Еуропалық одақ (ЕО) қолдауымен жүзеге асады.
Іс-шараға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, құрылыс компаниялары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ тұрғын үй және инфрақұрылым саласының сарапшылары қатысады.
Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің орынбасары Хуана Мера Кабелло бұл бастаманың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қауіпсіз әрі лайықты баспана – әр адамның негізгі құқығы, ал «Shanyraq» жобасы осы құқықтың кеңінен қолжетімді болуына бағытталған серіктестік алаңын қалыптастырады.
Жоба аясында кемінде 400 адамның тұрғын үйге қолжетімділігін жақсарту жоспарланып отыр.
Тұсаукесерден кейін жоба аясында құрылған салааралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтеді. Онда мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы және жалғызбасты отбасылар, балалар үйлерінің түлектері сияқты әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйге қолжетімділігі бойынша зерттеу бағыттары айқындалады.
Зерттеу нәтижелері мемлекеттік саясатты жетілдіруге, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға арналған практикалық шешімдер әзірлеуге негіз болады. Жоба мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және жеке сектор арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, тұрақты диалог қалыптастыруды көздейді.