Ұлттық экономика министрлігінде Қазақстанда қалаға айналуы мүмкін ауылдардың тізімі ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалаға айналуы мүмкін елді мекендердің қатарында Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарының ауылдары бар:
Қарғалы ауылы (Алматы облысы);
Өтеген батыр ауылы (Алматы облысы);
Боралдай ауылы (Алматы облысы);
Ұзынағаш ауылы (Алматы облысы);
Сарыкемер ауылы (Жамбыл облысы);
Қордай ауылы (Жамбыл облысы);
Жаңақорған кенті (Қызылорда облысы);
Шиелі кенті (Қызылорда облысы);
Әйтеке би ауылы (Қызылорда облысы);
Қызылтөбе ауылы (Маңғыстау облысы);
Атамекен ауылы (Маңғыстау облысы);
Маңғыстау ауылы (Маңғыстау облысы);
Басқұдық ауылы (Маңғыстау облысы);
Рахат ауылы (Маңғыстау облысы);
Бейнеу ауылы (Маңғыстау облысы);
Манкент ауылы (Түркістан облысы);
Ақсукент ауылы (Түркістан облысы);
Қарабұлақ ауылы (Түркістан облысы).
Бүгін Үкімет отырысында республикамызда 6 256 ауылдық елді мекенде 7,6 млн адам тұратыны айтылған еді. Жалпы еліміздегі халық санының - 38,4 пайызы. Бұл ретте табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі - 7,2 пайыз, ал жұмыссыздық деңгейі - 4,7 пайыз. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үлесі – 33 пайыз немесе 1,2 млн адам.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін не істеліп жатқандығы туралы айтылған еді.
Ауылдан ел неге жаппай көшіп жатыр
Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр. Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі ауылдық елді мекендердің жағдайы туралы айтқан еді.
Қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептері аз емес. Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі.Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады, - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер министр ауылдық жерде әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керегін айтады.
Осы міндеттерді кезең-кезеңмен шешу үшін салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрлерін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастыру қажет. Сондай-ақ жеке бастамаларға белсенді қолдау көрсету керек. Әрбір бизнес субъектісі экономикалық жауапкершілікпен қатар, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де терең сезінуге тиіс. Жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алады, - дейді Үкімет басшысы.
Шалғай және шекара маңындағы ауылды дамыту үшін бағдарлама қажет
Сенатор Жанболат Жөргенбаев ауылды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға көңіл бөлу мен ауылдың инфрақұрылымына байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын.
Жалпы, шалғай және шекара маңындағы елді мекендерді дамыту және жаңғырту ұлттық қауіпсіздік мәселесі бойынша стратегиялық маңызды. Шекара маңындағы ауылдардағы бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталған бөлек бюджеттік бағдарлама ашу қажет (моноқаланы дамытуға бағытталған бюджеттік бағдарлама аналогиясы бойынша), - деді депутат.
Ол мемлекет құрылыс саласымен айналысып жүрген ірі кәсіпорындармен бірлесіп шалғай елді мекендерде шикізатты өңдейтін жергілікті өндіріс ошақтарын ашуы қажет екенін айтты.
Қолданыстағы заңнамада белгіленген ауылдық үстемақыдан тыс мемлекеттік шекараға 50 шақырым жақын орналасқан ауыл қызметкерлері үшін лауазымдық жалақыға 25%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде (республикалық бюджеттен) үстемақы белгілеу арқылы жас мамандар үшін ауылдық жерлерде, шекара маңындағы аумақтарда еңбек қызметін жүзеге асырудың тартымдылығын арттыру қажет, - деді Жанболат Жөргенбаев.
Анықтама үшін: Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен ауылдық жердегі жұмысы үшін 25% мөлшерінде үстемеақы белгіленген.
Шалғайдағы мұғалімдерге қандай жағдай жасалған
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бірқатар мәжіліс депутатының шағын қалалар мен кенттердегі мектеп мұғалімдерінің жалақысына ауылдық коэффициенті енгізу туралы ұсынысына жауап берді.
Халық саны 10 мың адамға жетпейтін «кент», «қала» мәртебесі бар елді мекендердегі мектеп мұғалімдеріне ауылдық коэффициент енгізуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. Қазіргі кезде педагог мамандығының беделі артып, еңбек жағдайлары жақсартылып, педагогтердің құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, педагогтердің жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылданды, мұғалімдердің еңбегін, сондай-ақ демалыс уақытын нормалау жүйесі әзірленді. Тәлімгерлік, магистр дәрежесі үшін, сондай-ақ спорт секцияларын жүргізгені үшін қосымша ақылар енгізілді, орта білім беру ұйымдарында сыныптық басшылық пен дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақылар едәуір ұлғайтылды, - делінген жауапта.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар педагогтерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы.
Оған қоса, барлық педагогтерге заңнамаға сәйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және (немесе) жатақханаға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беру қарастырылған. Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңының 3 бабында аудандық маңызы бар қалаларға, оларға аумағында өнеркәсiптік кәсіпорындар, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының, мәдени-ағарту және сауда объектілерінің дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам және кенттерге халқының саны кемiнде 3 мың адам болатын елдi мекендер жатады деп көрсетілген, - деді ол.
Бүгінгі таңда ел аумағында 48 аудандық маңызы бар қала мен 29 кент бар.
Аудандық маңызы бар қалалардың 12-де халық саны 10 мыңнан кем. Заңның 14-2 бабының 1-тармағына сәйкес қала мәртебесін өзгерту бес жыл ішінде осы заңның 3-бабының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады. 2 Сонымен қатар елді мекендерді дамыту тұтастай барлық салаларды дамытуға бағытталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген (ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы №270 қаулысы). Ауылдық жерлерде инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі тұжырымдама шеңберінде даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылып жатыр, - делінген жауапта.
Сондай-ақ 2023 жылы моно және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуына бағытталған 80 жобаны (50-ИКИ 22 млрд теңге, 30-жол 12,4 млрд теңге) жүзеге асыруға РБ нақтылауын ескере отырып 34,4 млрд тенге қаржы бөлінді.
Жыл қорытындысымен 270 км автомобиль жолымен инженерлік желілер жаңғыртудан өтті. 2024 жылға 29 жобаны жүзеге асыруға 21,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 48 км автомобиль жолдары мен 32 км инженерлік желілерді жаңғырту жоспарлануда. Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесіне1 сәйкес ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша 25%-дан кем емес арттырылған айлықақылар (тарифтік мөлшерлемелер) белгіленген болатын. Бұл ретте, кенттер мен халық саны 10 мың адамнан кем елді мекендерге ауылдық коэффициенті енгізу үшін денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарды толық қамту қажеттілігін ескере келе, аталған шараларды енгізу бюджетке едәуір жүктеме түсіретіндігін атап өткен жөн. Осыған орай, аталған мәселе құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады, - делінген Роман Склярдың жауабында.