Қазақстанда «психокоучтерге» тыйым салынды: Психологтар туралы жаңа заң нені өзгертеді?

Енді өзін психолог деп атау және психологиялық қызмет көрсету үшін заңда белгіленген талаптарды орындау міндетті болады.

 ©BAQ.KZ коллажы 15 Шілде 2026, 07:30
15 Шілде 2026, 07:30
160
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2026 жылғы 2 шілдеде Президент «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат алғаш рет осы сала мамандарының қызметіне бірыңғай талаптар енгізіп отыр.

Жаңа заңды психологтардың өздері қалай бағалайды және ол психологиялық қызмет көрсету нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі сарапшылардың пікірін зерделеді.

Жаңа заң күшіне енгеннен кейін психологтар үшін не өзгереді?

Заң күшіне енген соң психологтарға бірқатар жаңа талап қойылады. Енді бейінді білімі жоқ адамдар өзін психолог деп атай алмайды әрі қызметінде «психо-» қосымшасы бар атауларды, соның ішінде «психокоуч» және «психопрактик» сияқты атауларды қолдануға құқылы болмайды.

Психологиялық қызмет көрсету үшін міндетті түрде Психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізіліміне тіркелу қажет болады.

Сонымен қатар мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттырудан өтуге міндеттеледі.

Заң психологтарға клиентке психологиялық көмектің нақты нәтижесіне кепілдік беруге де тыйым салады.

Онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы қызмет көрсететін психологтар мемлекеттік тізілімде тіркелгені туралы мәліметті, сондай-ақ өздерінің білімі мен біліктілігі туралы ақпаратты жариялап отыруы тиіс.

«Қызметтің сапасын диплом ғана анықтамайды»

Орталық Азия Психоанализ институтының директоры, Қазақстан және Америка психоаналитикалық қауымдастықтарының мүшесі, психоаналитик Анна Кудиярова бұл салада 25 жылдан бері еңбек етіп келеді. Заң жобасы әзірленіп жатқан кезде ол құжатты талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын да енгізген.

Анна Кудиярованың айтуынша, заңның ең маңызды жетістіктерінің бірі – супервизия ұғымының заң жүзінде бекітілуі.

Оның пікірінше, психологтардың Этикалық кодексінің енгізілуі де аса маңызды жаңалықтардың бірі болды.

Маманның айтуынша, бейінді дипломның болуы міндетті талап болғанымен, ол өздігінен сапалы психологиялық көмектің кепілі бола алмайды.

Біз депутаттарға психологиялық көмектің сапасы тек дипломмен ғана өлшенбейтінін үнемі айтып келдік. Диплом – мамандыққа кірудің алғашқы қадамы ғана. Ал нағыз кәсібилік үздіксіз білім алудан, тұрақты супервизиядан, жеке талдаудан, Этикалық кодексті сақтаудан және кәсіби қауымдастықтың белсенді мүшесі болудан қалыптасады.

Жетілдіруді қажет ететін нормалар

Практик психолог, педагогика ғылымдарының магистрі әрі оқытушы Анна Вовк бұл салада 13 жылдан бері жұмыс істейді. Ол жаңа заңның қабылдануын қолдайды. Оның пікірінше, енгізілген талаптар психологиялық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Анна Вовк заңның кейбір нормаларына қосымша түсіндірулер қажет екенін айтады. Оның пікірінше, әсіресе сертификаттау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету, уәкілетті органдар тарапынан ықтимал теріс пайдалануға жол бермеу және сапалы қосымша білімді тану тәртібін нақтылау маңызды.

Кәсіби құзыреттерді қалыптастыра алатын сапалы қосымша білімнің қалай танылатыны әзірге толық түсінікті емес. Мұндай білім қысқа мерзімді курстардан өзгеше. Осы дайындықтың негізінде көптеген маман жылдар бойы тәжірибе жинақтап, терең білім мен мол практикалық тәжірибеге ие болды. Сонымен қатар мамандарға қатысты шағымдарды қараудың және клиенттердің де, психологтардың да құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері көбірек болғанын қалар едім.

Нәтижеге кепілдік беруге болмайды

Жаңа заңдағы тағы бір маңызды өзгеріс – психологиялық қызметті жарнамалауға қатысты.

Енді психологтарға клиентке нақты нәтижеге кепілдік беруге немесе мәселені қысқа мерзімде толық шешіп беремін деп уәде етуге тыйым салынады.

Психологтардың пікірінше, бұл талап орынды, өйткені терапияның нәтижесі көптеген факторға байланысты және оны алдын ала нақты болжау мүмкін емес.

Біз адаммен жұмыс істейміз, ал әр адамның болмысы – ерекше. Ұқсас мәселемен келген екі адамның психотерапия жолы мүлде басқа болуы мүмкін. Сондықтан "Үш кездесуден кейін мазасыздықтан толық арылтамаын" немесе "Бір айда мәселеңізді толық шешемін" деп уәде беретін маман кәсіби психологиямен емес, маркетингпен көбірек айналысып жүр деуге болады, – дейді Анна Кудиярова.

Заңға сәйкес, онлайн-платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы қызмет көрсететін психологтар өздерінің білімі мен кәсіби біліктілігі туралы ақпаратты ашық жариялауға міндетті.

Анна Вовк бұл талапты да орынды деп есептейді.

Мен мұнда ешқандай оғаш нәрсе көріп тұрған жоқпын. Егер адам өзін психолог ретінде таныстырса, оның білімі мен біліктілігін растайтын құжаттар көпшілікке қолжетімді болуы керек. Бұл маманның өзіне де, жалпы психологиялық көмек көрсету үдерісіне деген сенімді арттырады, – дейді Анна Вовк.

Дипломнан бөлек тағы неге назар аудару керек?

Анна Кудиярова да бұл жаңашылдықты қолдайды. Дегенмен сарапшы маман таңдағанда тек дипломның болуына ғана назар аудармауға кеңес береді.

Оның пікірінше, психологпен жұмыс бастамас бұрын оның кәсіби қауымдастықтың мүшесі екенін, Этикалық кодексті сақтайтынын, тұрақты түрде супервизиядан өтетінін және кәсіби білімін үздіксіз жетілдіріп отыратынын анықтап алған жөн.

Менің ойымша, дәл осы сұрақтар маманның кәсіби тұрғыда қаншалықты дамып жүргенін түсінуге мүмкіндік береді. Қазақстан психоаналитикалық қауымдастығында мұның барлығы бұрыннан міндетті талап саналады. Біздің мүшелеріміз, кандидаттарымыз және аппликанттарымыз үнемі супервизиядан өтеді, жеке талдау жүргізеді, біліктілігін арттырады және Этикалық кодекс талаптарына сай жұмыс істейді, – дейді Анна Кудиярова.

Психолог пен психиатрдың құзыреті нақты ажыратылды

Жаңа заңда психологтардың және дәрігер-психиатрлардың өкілеттігі нақты бөлінген.

Енді психологтарға медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек тағайындауға және психикалық ауруларды емдеуге тыйым салынады.

Анна Вовктің айтуынша, мұндай шектеу өте қажет, өйткені психолог негізінен уақытша қиындықтарға тап болған немесе өмірлік дағдарысты бастан өткеріп жүрген адамдармен жұмыс істейді.

Психологтың тіпті тыныштандыратын дәрілерді немесе биологиялық белсенді қоспаларды ұсынуға да құқығы жоқ. Ал дәрілік препараттарды тағайындау туралы сөз болуы да мүмкін емес. Бұл – оның кәсіби құзыретіне кірмейді. Өйткені психолог емдеу хаттамаларын меңгермеген әрі тиісті медициналық білімі жоқ. Алайда егер клиент дәрігер тағайындаған ем қабылдап жүрсе, психолог дәрігермен бірлесіп жұмыс істей алады, – деп түсіндірді сарапшы.

Тағы қандай өзгерістер қажет?

Сарапшылардың пікірінше, жаңа заңның қабылдануы – психологиялық қызмет көрсету нарығын қауіпсіз әрі кәсіби деңгейге көтеруге бағытталған алғашқы қадам ғана.

Анна Вовк қолжетімді үздіксіз білім беру жүйесін дамыту, психологтардың еңбекақысын көтеру және міндетті супервизия жүйесін енгізу қажет деп санайды.

Қазір көптеген мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда психологтың толық жұмыс күніне берілетін жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Бұл өте аз. Өйткені психологтың жұмысы үлкен эмоционалдық күш пен жоғары кәсіби дайындықты талап етеді. Төмен жалақының салдарынан мамандар бірнеше жерде қатар жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл кәсіби күйзеліске әкеледі. Бұдан бөлек, көпшілігінің қосымша білім алуға мүмкіндігі жоқ немесе мол тәжірибесі мен жоғары әлеуетіне қарамастан мамандықтан кетуге мәжбүр болып жатады, – дейді Анна Вовк.

Анна Кудиярова жаңа заң психолог мамандығының дамуына жаңа кезең ашатынын атап өтті.

Оның айтуынша, маман таңдағанда әлеуметтік желідегі танымалдылығына емес, алған біліміне, кәсіби қауымдастыққа мүшелігіне, Этикалық кодексті сақтауына, супервизиядан тұрақты өтуіне және біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруына назар аудару қажет.

Нағыз кәсіби маманды таңдауға дәл осы өлшемдер көмектеседі. Егер осыдан жиырма бес жыл бұрын адамдар "психолог" деген сөзді естігенде: "Мен жынды емеспін!" дейтін болса, қазір керісінше: "Қай маманға барған дұрыс?" деп сұрай бастады. Мен үшін қоғамымыздың есейіп келе жатқанының басты белгісі – осы. Ал егер жаңа заң осы үдеріске оң ықпал етсе, онда біз шынымен де маңызды әрі ауқымды іс атқардық деген сөз, – деп түйіндеді сарапшы.

Наверх