Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтарымыз референдумда бірінші атом электр стансасын салу туралы шешімге қолдау көрсетіп, осы міндетті орындауға жол ашып берді. Бұл қадам алыс болашақтағы ахуал қалай болатынын ескере отырып, энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді.
Мәселе еліміздің энергияға деген қазіргі сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым, - деп айтты Тоқаев.
Президент газ бен көмір өндіру ісіндегі мүмкіндіктерімізді, сондай-ақ жаңартылатын қуат көздерінің әлеуетін толық пайдалануымыз керегін атап өтті.