Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация жасалады

8 Қазан 2025, 14:37
955
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстанда педофилдерге түрмеден шығуына жарты жыл қалғанда химиялық кастрация жасалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылғы 1 қазандағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық қылмысын жасаған адамдарға химиялық кастрация шарасы бостандыққа шығуына алты ай қалғанда қолданылатын болады.

Құжатқа сәйкес, мәжбүрлі шара 18 жастан асқан адамдарға заңды күшіне енген сот шешімі негізінде қолданылады. 

Кастрация жасау жазасын өтеу орындарында немесе басқа да сотталғандарға амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.

Мекеме әкімшілігі жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 12 ай бұрын сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды сотқа жіберуге міндетті. Бұл сараптама психикалық ауытқулардың немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа бейімділіктің бар-жоғын анықтау мақсатында жүргізіледі.

Аталған ережелер ақыл-есі дұрыс деп танылғанымен, психикалық ауытқулары бар адамдарға қатысты мәжбүрлі шаралар тағайындалған жағдайларға қолданылмайды.

Бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Өзгелердің жаңалығы