Қазақстанда орташа зейнетақы 197 мың теңгеге жетті

 https://www.gov.kz/ 25 Қараша 2026, 12:15
25 Қараша 2026, 12:15
99
Фото: https://www.gov.kz/

1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 197 333 теңгені құрады. Бұл сомаға зейнетақының ынтымақты, базалық және жинақтаушы бөліктері кіреді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы 10%-ға өсті, ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін көтерілді. Бұл деректерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынды.

Мүгедектік бойынша жәрдемақы 10%-ға өсіп, оның орташа мөлшері 87 165 теңгені құрады. Еңбекке қабілеттіліктен және асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер де 10%-ға артты.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 млн 122,8 мың адамға жалпы сомасы 586,9 млрд теңге төленді. Қаражаттың ең көп бөлігі бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне берілетін төлемдерге жұмсалды. Оның көлемі 261,6 млрд теңгені құрады. Жүктілікке, босануға және жаңа туған баланы асырап алуға байланысты 132,5 млрд теңге, ал жұмысынан айырылуына байланысты 114,3 млрд теңге төленді.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының алғашқы үш жылында 6,9 млн балаға жалпы сомасы 2,5 млрд доллар есептелді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, бағдарлама 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігі балаларға бөлінеді.

1 қазандағы жағдай бойынша 534,8 мың адам жұмыс тапты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 105,7 мың адам жіберілді. Олардың арасында жастар практикасына қатысқан 19,8 мың адам және «Күміс жас» жобасына қатысқан 50 жастан асқан 10,3 мың қазақстандық бар. 423,2 мыңға жуық адам оқудан өтіп, кәсіптік бағдар алды.

«Мансап компасы» платформасында 34,6 мың оқушы кәсіби диагностикадан өтті. Электрондық еңбек биржасына 281 колледж студентінен 80 078 сауалнама, 45 жоғары оқу орнының студентінен 274 424 сауалнама түсті. Колледж студенттерінің практикадан өтуі үшін 9 316 шарт жасалды.

Еңбек инспекторлары 57 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады. Олар 5 781 тексеру жүргізіп, 6 866 заң бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ 3 599 нұсқама беріп, жалпы сомасы 493,4 млн теңге болатын 2 338 айыппұл салды. Ірі және орта кәсіпорындардың 98,5%-ы ұжымдық шарттармен қамтылған.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттары 3 399 кәсіпорында енгізілді. 627 кәсіпорын өндірістегі жарақаттануды болдырмауға бағытталған Vision Zero тұжырымдамасына қосылды. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 18 530 өндірістік кеңес құрылып, 1 405 өндірістік нысан аттестаттаудан өтті. Енді инспекторлар өндірістегі жазатайым оқиғаларды FSM мобильді қосымшасы арқылы тергейді.

Мүгедектігі бар адамдарға 462 280 техникалық оңалту құралы мен қызметі ұсынылды. Қолжетімділіктің интерактивті картасындағы 33 225 нысан толық бейімделді. Бұл картаға енгізілген нысандардың 77%-ын құрайды. Төрт өңірде 538 бала үйде оңалтудан өтті. Олардың 370-інің қимыл-қозғалыс қабілеті жақсарды.

108 мыңға жуық адам арнаулы әлеуметтік қызмет алды. 625 ұйымға лицензия берілді. Оның 463-і – мемлекеттік, 162-сі – үкіметтік емес ұйым. Әлеуметтік қызметкерлерге арналған сегіз біліктілік бағдарламасы әзірленіп, 2 719 маман сертификат алды.

Ерікті қоныс аудару аясында 7 864 адам көшті. Олардың 1 109-ы – қандас, 6 755-і – қоныс аударушы. Көшіп келген еңбекке қабілетті жастағы 3 429 адамның 1 986-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Қоныстанатын жерлер туралы мәлімет беретін цифрлық өңірлік карта жасалды.

Министрлік 5,3 млн мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 4 миллионы электрондық форматта, 1,6 миллионы проактивті түрде көрсетілді. 49 қызмет түрінің 45-і онлайн қолжетімді, ал 15 қызмет бойынша төлем автоматты түрде тағайындалады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алуға берілген жекелеген өтініштерді қарау мерзімі 3–5 жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқарды.

Наверх