Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте орманда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, ормандарда өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуға қатысты бірнеше әкімшілік бап қарастырылған. Айыппұл мөлшері 20-дан 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетеді. Яғни құқық бұзушылықтың сипатына қарай шамамен 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін, – деді Константин Канин.
Басқарма басшысы айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың нақты қай жерде жасалғанына және оның салдары болған-болмағанына байланысты өзгеретінін атап өтті.
Сонымен қатар ол кейбір жағдайларда мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделетінін айтты.
Егер құқық бұзушылық белгілі бір ауыр зардаптарға әкелсе немесе заңда көзделген өзге де мән-жайлар болса, онда кінәлі тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деді Константин Канин.
2026 жылдың басынан бері қалада құрғақ шөптің жануының 103 оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2 пайызға аз (өткен жылы 253 жағдай тіркелген). Өрт шалған жалпы аумақ 4 гектар болып, былтырғы көрсеткіштен 68 пайызға төмен. Сонымен қатар, орман және таулы аймақтарда табиғи өрттердің тұтануы анықталған жоқ.
Константин Каниннің сөзінше, өрттің негізгі себебі – адамдардың отты абайсыз пайдалануы мен табиғатқа қоқыс тастауы. Әсіресе, шыны бөтелкелер мен олардың сынықтары қауіпті. Өйткені күн сәулесі шыныға түсіп, құрғақ шөп пен өсімдіктің тұтануына себеп болуы мүмкін.
Жыл басынан бері 80 рейд ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі туралы 2 мыңнан астам жадынама таратылды. Тыйым салынған орындарда от жағудың 50-ден астам дерегі анықталды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 50 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған.