Қазақстанда он айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгеге жетті

Қаңтар–қазанда өнеркәсіп өндірісі 58,5 трлн теңгеге жетті. Өсім әсіресе Жетісу, Түркістан және Алматы облыстарында жоғары болды.

 Ұлттық статистика бюросы 27 Қараша 2026, 12:46
27 Қараша 2026, 12:46
132
Фото: Ұлттық статистика бюросы

2026 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,5% болды.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Көрсеткіш 14,3 трлн теңгені құрады. Одан кейін Қарағанды облысы – 4,7 трлн теңге, Павлодар облысы – 3,7 трлн теңге, Астана қаласы – 3,4 трлн теңге және Маңғыстау облысы – 3,3 трлн теңге.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары өсу қарқыны Жетісу облысында (29,9%), Түркістан облысында (23,8%), Алматы қаласында (21,5%), Алматы облысында (19,4%) және Жамбыл облысында (17,8%) байқалды.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп өндірісінің индексі 12,7%-ға, Астанада 11,6%-ға, Шымкентте 13,3%-ға, Павлодар облысында 8,2%-ға, Ұлытау облысында 7,7%-ға, Маңғыстау облысында 4,4%-ға, Қызылорда облысында 6%-ға, Қарағанды облысында 4,3%-ға, Қостанай облысында 2%-ға және Абай облысында 1,9%-ға өсті.

Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасы еліміздің 20 өңірінің 16-сында тіркелді.

Өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Есепті кезеңде бұл саладағы өндіріс индексі 109,3% болды.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің жоғары өсімі жеңіл өнеркәсіпте (59,5%), фармацевтикалық өнімдер өндірісінде (50,9%), машина жасауда (22,2%), химия өнеркәсібінде (21,9%), сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде (18,1%) байқалды.

Жекелеген өндіріс түрлері бойынша автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5%-ды құрады. Компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6%-ға өсті.

Тау-кен өндіру өнеркәсібінде индекс 96,6%, электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару саласында 108,9% болды.

Наверх