Қазақстанда Network School-дың алғашқы кампусы ашылады

Онда әлемдік деңгейдегі білім беру, ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік бағдарламалары, халықаралық резиденттік және fellowship бағдарламалары іске асырылып, кампус елдің ұлттық жасанды интеллект экожүйесіне интеграцияланады.

 Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі 22 Шілде 2026, 08:57
22 Шілде 2026, 08:57
126
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Қазақстанда әлемдік деңгейдегі Network School білім беру бастамасының алғашқы кампусын ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Network School ұйымы арасында жасалған стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумда көзделген.

Құжатқа Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Network School ұйымының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Баладжи Шринивасан қол қойды.

Меморандум жасанды интеллект, инновациялар, технологиялық кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту бағытындағы ынтымақтастықты қамтиды. Тараптар AI саласындағы білім беру бағдарламаларын дамытуға, стартаптарды қолдауға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық технологиялық серіктестікті кеңейтуге уағдаласты.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – Қазақстанда Network School-дың алғашқы кампусын құру. Онда әлемдік деңгейдегі білім беру, ғылыми-зерттеу және кәсіпкерлік бағдарламалары, халықаралық резиденттік және fellowship бағдарламалары іске асырылып, кампус елдің ұлттық жасанды интеллект экожүйесіне интеграцияланады.

Сонымен қатар тараптар стартаптарды қолдау бағдарламаларын дамыту, халықаралық конференциялар, хакатондар мен форумдар ұйымдастыру, сондай-ақ Network State Conference 2026 конференциясын Қазақстанда өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Бес жылға арналған меморандум аясында халықаралық сарапшыларды, технологиялық компаниялар мен инвесторларды тарту, цифрлық мемлекеттік басқаруды дамыту және жасанды интеллект саласындағы озық тәжірибелермен алмасу бағытындағы жұмыстар жүзеге асырылады.

Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл әріптестік Қазақстанның жасанды интеллект пен инновациялар саласындағы өңірлік көшбасшылық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.

Наверх