Қазақстанда мұнай өңдеу саласында көрсеткіштер өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі үш ірі мұнай өңдеу зауытындағы мұнай өңдеудің орташа тереңдігі 90%-ға дейін жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Энергетика саласының мәліметінше, 2024 жылы бұл көрсеткіш 87,4% болған. Бір жыл ішінде мұнай өңдеу көлемін тереңдету бағытындағы жұмыстар нәтижесінде өсім байқалған.
Зауыттар бойынша көрсеткіштер төмендегідей:
- Атырау мұнай өңдеу зауыты – 85%-дан 88%-ға дейін;
- Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 86%-дан 88%-ға дейін;
- Павлодар мұнай-химия зауыты – 91%-дан 94%-ға дейін.
Мамандардың айтуынша, мұнай өңдеу тереңдігінің артуы ашық мұнай өнімдері өндірісінің көбеюімен байланысты. Яғни бензин, дизель секілді жоғары сұранысқа ие өнімдердің үлесі 70–79%-дан 75–81%-ға дейін ұлғайған.
Сонымен қатар Павлодар мұнай-химия зауыты базасында битум өндірісі де артқан. Былтыр зауытта 366 мың тонна битум өндірілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 426 мың тоннаға жеткен.
Негізгі мұнай өнімдерінің өндірісі де өскен:
- автобензин – 5,7 млн тонна (107%);
- дизель отыны – 6,1 млн тонна (116%).
Сала мамандары мұндай өсімді ішкі нарықтағы сұраныстың артуымен және мұнай өңдеу зауыттарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарымен байланыстырады.
Алдағы уақытта Қазақстан мұнай өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл үшін мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту және қосымша жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Мұнай өңдеу тереңдігінің артуы елдің импортқа тәуелділігін азайтып, жанармай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.