Қазақстанда моноқалалардың ресми тізімі жаңартылды. Ұлттық экономика министрлігінің соңғы шешімімен еліміздегі моноқалалар саны 20-дан 19-ға қысқарды. Бұл тізімнен Павлодар облысындағы ірі өнеркәсіп орталығы - Екібастұз қаласы шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл шешім қала экономикасының табысты әртараптандырылуымен байланысты. Кешенді талдау нәтижелері Екібастұздың бір ғана кәсіпорынға тәуелділіктен арылып, көпсалалы даму жолына түскенін көрсетті.
Бүгінгі таңда Екібастұз еліміздің энергетика және металлургия саласында шешуші рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп орталығы болып отыр. 2025 жылғы қорытынды бойынша қаладағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 629,4 млрд теңге. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 28,1%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестиция 429,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есе өскен, - делінген ведомство хабарламасында.
Халықты жұмыспен қамту экономиканың бірнеше секторы арасында бөлінген. Бұл бір қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктің төмендеуін және монофункционалдылық белгінің жоғалуын көрсетеді.
Осыған байланысты, оң әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, Екібастұзды моноқалалар тізбесінен шығару туралы шешім қабылданған.
Жаңартылған бұйрықпен 19 моноқаланың тізбесі бекітілді: Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Шахтинск және Хромтау. Осылайша, елдегі моноқала саны 20-дан 19-ға дейін қысқарды, - делінген хабарламада.
Тізбені өзектендіру моноқалаларға қатысты мемлекеттік саясаттың атаулылығын арттыруға және экономиканың қала құраушы кәсіпорындарға жоғары тәуелділігі сақталатын аумақтарда қолдау шараларын шоғырландыруға бағытталған.
Министрліктің мәліметінше, Екібастұзды тізбеден шығару қала экономикасының табысты трансформациясының көрсеткіші. Оны әртараптандырудың, кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.