Бұдан былай Қазақстанда жауапқа тартылған әрбір азаматқа оның бастапқы құқықтары бірден түсіндірілуі мүмкін. Бұл норма Ата Заң деңгейінде бекітіліп, тергеу әділдігінің басты кепіліне айналмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
"Миранда құқығының" шығу тарихы 1966 жылғы АҚШ-тағы атышулы сот ісімен байланысты. Аризона штатында аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған Миранда есімді азамат өзінің конституциялық құқықтары түсіндірілмегенін алға тартып, штатты сотқа беріп, нәтижесінде жеңіп шығады. Бұл ереже алдымен Америкада, кейін Еуропа мен әлемнің көптеген дамыған елдерінде мемлекеттік деңгейде қабылданды, - дейді ол.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл норманың Конституцияға енуі адам құқықтарын қорғаудың жаңа сатысы екенін айтады.
Қазіргі таңда бұл мемлекеттік дәрежеде қабылданған құқық. Ол қандай да бір қылмыс жасап ұсталған азаматқа сол мезетте оның құқықтарын түсіндіруді міндеттейді. Яғни оның адвокат алу құқығы бар екені, адвокатқа қаражаты болмаса, мемлекет беретіні, жауап беруден бас тарту құқығы бар екені және берген жауабы өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екендігі түсіндірілуі тиіс. Егер бұл бастапқы құқықтар түсіндірілмесе, кейін тергеу немесе сот барысында жинақталған дәлелдемелерді негізсіз деп тануға алғышарт болады, - деді ол.
Оның айтуынша, егер бастапқы құқықтар тиісінше түсіндірілмесе, кейін тергеу немесе сот барысында жинақталған барлық дәлелдемелер заңсыз деп танылып, оларды жарамсыз деп табуға толық негіз болады.